Қамыр илейтін құрылғының ішіне тартып әкеткен: Петропавлда макарон фабрикасында жұмысшы қаза тапты
Жарияланған күні:

Петропавлдағы макарон фабрикасында жұмысшы қаза тапты. Ер адамды қамыр илейтін құрылғының ішіне тартып әкеткен. Жазатайым оқиға түнгі ауысым кезінде сағат үштің шамасында болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
200 қызметкері бар кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді. Қайғылы оқиға болған түні 35 жастағы жұмысшы қамыр илейтін құрылғыны тазалап жатқан. Кенеттен агрегат іске қосылып, оның қалақтары айнала бастаған.
Марқұмның таныстарының айтуынша, қайғылы оқиға әріптесінің көз алдында болыпты. Қазір еңбек инспекторлары арнайы комиссия құрды.
Олар қайғылы жағдайға нақты не себеп болғанын, қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтайды. Ал полиция қылмыстық іс қозғады.
"Полиция адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр", - деп пікір білдірді СҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдемі-ау Меңдібаева.
Дереккөз: КТК телеарнасы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2441626-qamyr-ileitin-qurylgynyng-ishine-tartyp-aketken-petropavlda-makaron-fabrikasynda-zhumysshy-qaza-tapty/