Жарылыстан салонда отырған әйел екі қызымен бірге көз жұмған: Ақтөбеде газ құю бекетінің иесі сотталды
Жарияланған күні:

Ақтөбеде газ құю бекетінің иесі төрт жылға сотталды Ақтөбеде үш адамның өмірін қиған газ бекетіндегі жарылысқа қатысты сот үкімі шықты. Облыс орталығындағы газ құю бекетінің иесі төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Қайғылы оқиғада бір отбасының анасы мен екі кішкентай қызы тірідей өртеніп кеткен еді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қайғылы оқиға осыдан төрт ай бұрын Ақтөбедегі газ құю бекеттерінің бірінде болды. Сазды ауылынан қалаға келген отбасы көліктің жүк салғышындағы тұрмыстық газ баллонын толтырмақ болған. Оператор заңмен тыйым салынғанына қарамастан, арнайы жалғағыш құрылғы арқылы баллонға газ құя бастаған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, газ құю пистолетін ажырату кезінде пайда болған ұшқыннан өрт тұтанған. Артынша жарылыс болып, көлік отқа оранды. Салонда отырған 44 жастағы әйел мен оның 10 және 6 жастағы екі қызы тірідей жанып кетті.
Көлік жүргізушісі денесінің 40-45 пайызы күйіп, тыныс алу жолдары зақымданған. Сот материалдарына сәйкес, бекет иесі операторлардың тиісті даярлықтан өткенін тексермеген. Өрт және жарылыс қауіпсіздігі бойынша нұсқама берілмеген, арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдары да қамтамасыз етілмеген.
"Көліктегі адамдарды түсірмей, сол бекетке газ құюға жіберген. Заңмен тыйым салынған талаптарды сақтамай, тұрмыстық газ баллонына сұйытылған газ құю жүргізілген. Соның салдарынан сұйытылған газ артық қысыммен сыртқа шығып, ауамен араласуы нәтижесінде өрт шығып, жарылыс болған", - дейді Ақтөбе қаласы №2 сотының судьясы Еділ Құдайберген.
Сот отырысында тараптар арасында медиациялық келісім жасалғаны айтылды. Марқұмдардың жақындары айыпталушыны кешірген. Қаза болған келіншектің артында үш ұлы қалды. Алайда тараптардың татуласуы айыптыны жазадан құтқармады.
"Оған үш жылға жарылыс қаупі бар объектілерде басшылық лауазым атқару құқығынан айыра отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабы 5-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтесін", - деп үкімді оқыды судья.
Енді 57 жастағы ер адам төрт жылын түрмеде өткізеді.
Бір сәтте болған жарылыс тұтас отбасының өмірін өзгертті. Ал артында қалған үш бала анасы мен екі қарындасынан айырылды.
Дереккөз: КТК
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2443815-zharylystan-salonda-otyrgan-aiel-eki-qyzymen-birge-koz-zhumgan-aqtobede-gaz-quiu-beketining-iesi-sottaldy/