"Ас-сусыз қамап қойған": Атырау облысында 90 жастағы қарияның денсаулығы сыр берді
Жарияланған күні:

Атырау облысында туған ұлы соққының астына алды деген қарияның ісіне қатысты сот процесі жақындағанда денсаулығы сыр берді. Оның есте сақтау қабілеті нашарлап, болған жайтты есіне түсіре алмай қалған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
90 жастағы қария жазда Атырауға келіп, кенже ұлынан көрген қорлығын баяндаған. Айтуынша, оны өз шаңырағында ұрып-соғып, ас-сусыз қамап қойған. Ақыры түн ішінде терезеден шығып, туысының үйіне қашып барған. Сол кезде қарияның денесіндегі жарақаттар да, айтқан әңгімесі де есінде еді. Ал енді сот басталар шақта сол оқиғалардың бәрі жадынан өшкен. Қарт қазір Қызылқоға ауданы Сағыз ауылындағы ұлының үйінде екен. Басын көтергеніне бірер күн болды, дейді қарындасы. Айтуынша, сол күні Әділхан ақсақалды үсті-басы қан күйінде көрген. Бірнеше сағат бойы ас-сусыз қамалған қария түнде терезеден шығып, көрші туысының үйіне жеткен.
"Мен сонда алып кетпесем, үйіне байлап қоя ма? Бұл кісі "сол жерде 3-4 күн жатсам, мен өлетін едім" дейді. "Ойбуй, өліп қалыпты деп, мені шығарып жататын едіңдер" дейді. Ол үйден бір аруақ қолдап қашып шықты. Не жазығы бар?! Баға алмаса, берсін, басқа балаларына! "Қайтып келсең, өлтірем" деді баласы. Мен оған жіберем бе?! Біздің көзімізше, жедел жәрдемнің алдында айтты: "қайтып келсең, өлтіремін", - дейді қарияның қарындасы Кенжетай Сисенова.
Ал Әділхан ақсақалдың немересі атасының қазіргі жағдайына алаңдаулы. Оның сөзінше, қарт ешкімге салмақ салмай, өздігінен жүріп-тұратын. Сотқа өз аяғымен барып, басынан өткен оқиғаны өзі айтып беруді күткен. Алайда денсаулығы сыр беріп, қазір болған жайтты есіне түсіре алмай отыр.
"Ұмытып қалған, ештеңе білмейді. Осыған дейін үш айға дейін соты болғанда бәрін біліп, бәріне жауап берер ме еді? Негізі, күтті, өз аяғыммен сотқа барамын деп күтіп еді. Бірақ енді атамызды осындай жағдайға түсіріп тастап тұр ғой", - дейді қарияның немересі Сәуле Әділхан.
Болған оқиға Сағыз ауылына тез тараған. Қарияның замандастары болған жайтқа сенер-сенбесін білмей жағасын ұстаған. Өмір бойы бала тәрбилеп, отбасын асыраған ақсақалдың қартайғанда өз үйінен қашуға мәжбүр болғанына налиды.
"Мұндай жағдай қазақта болып көрмеген. "Әкең жынды болса, байлап бақ" деген қазақ. Бұл тіпті еститін құлаққа ерсі", - дейді қарияның құрдасы Сайфолла Қаженов.
Ал ақсақалдың ұлы журналистерге "ақпаратты біржақты бердіңіздер" деп наразы. Алайда қылмыстық іс сотта қаралып жатқандықтан, әзірге ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
"Мен ұрудан аманмын. Мұның барлығы жала. Қазір оқиғаға қатысты сот әлі біткен жоқ, іс сотта ғой, соған байланысты мен қазір сізге бірдеңе айтатын болсам, сот дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Ертең Интернетте әдейі бізге қысымшылық жасап жатыр деп, сот түсініп қалуы мүмкін. сол себептен сот аяқталғанша мен сізге ештеңе айта алмаймын", - дейді күдікті ұлы.
"Әкемді жиырма жылдан астам бақтым" деген ол, "жала жапты" деп отыр. Тіпті сараптама қорытындысына да денсаулығына ауыр соққы болмағаны жазылғанын алға тартты. Алайда қарияның туыстары оқиғаның мән-жайы толық әрі әділ тексерілуін талап етеді. Қылмыстық оқиға Қызылқоға ауданында болғанымен, іс Жылыой ауданының сотында қаралады. Бұл Атырау облыстық сотының шешімі екен.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2444766-as-susyz-qamap-qoigan-atyrau-oblysynda-90-zhastagy-qariianyng-densaulygy-syr-berdi/