Таразда оқушы төбелестен соң бір жанарынан айырылды: сот үкім шығарды
Жарияланған күні:

Таразда мектептегі жанжал кезінде бір оқушы көз жанарынан айырылған. Аталған оқиға бойынша күдікті деп танылған оқушыға қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Дені сау баланы мүгедек еткен оқиға сәуір айында мектеп дәретханасында болған. Жанжал кезінде көзінен қатты соққы алған Дамир Сұраншиев бір жанарынан айырылған. Тергеуде күдікті кім екені анықталып, сараптама қорытындысымен расталған. Сот оның кәмелетке толмағанын ескеріп, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
"Сот сотталушының кәмелетке толмағанын және кінәсін ішінара мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деді Жамбыл облысы, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.
Мектепке сау барып, мүгедек болып қайтқан баланың анасы сот шешімімен келіскенімен, топ болып шабуылға қатысқан өзге балалар жазасыз қалды деп отыр. Ол бұзақылар түгел жазаланбайынша, райымнан қайтпаймын дейді.
"Топ болып жасалған шабуыл екенін біз әу бастан айтып келе жатырмыз. Ол бәріне белгілі. Топпен жасалған шабуылдан тек бір балаға 7 жыл берді. Мен келісемін, мен ойлаймын, бұл әділдік болды деп. Бірақ қалған қатысушыларды қудалауды тоқтатпаймын", - дейді жәбірленушінің анасы Зухра Кәрімова.
Қазір емін-еркін жүруден қалған баланың анасы алдағы күрделі отаға дайындалып жатқанын айтады. Баланың көзін қалпына келтіру үшін бұған дейін алты рет операция жасалыпты. Алайда жасөспірімнің көру қабілеті қалпына сол күйі келмеген.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2444772-tarazda-oqushy-tobelesten-song-bir-zhanarynan-aiyryldy-sot-ukim-shygardy/