Атырауда мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйлер апатты деп танылды
Жарияланған күні:

Атырау облысында салынып жатқан әлеуметтік баспаналар бітпей жатып апатты деп танылды. Нысандардың сапасына қатысты күдік күшейіп, Исатай ауданының Аққыстау ауылындағы 3 үй және Мақат кентіндегі 1 үйдің құрылысы орта жолда тоқтап, аяқсыз қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Он жылдан бері баспана кезегінде тұрғандардың бірі – Гүлнәр Малдыбаева. Ол жалғыз өзі 5 бала тәрбиелеп отыр. 7 жыл бұрын жаңа үйдің құрылысы басталды дегенде қатты қуанғанын айтады. Алайда қуанышы көпке созылмай, үміті үзілген. Себебі көпқабатты үш үйдің құрылысы орта жолда тоқтап қалған. Қазір тұрғын ағайын-туыстың үйін жағалап жүр.
"Үй жалдап келе жатырмын. Қазір жалақым аз болған соң жездемнің үйінде тұрып жатырмын. Қыздарым студент, қиын", – деді Аққыстау ауылының тұрғыны Гүлнәр Малдыбаева.
Мемлекеттік бағдарлама аясында басталған 60 пәтерлік үш тұрғын үй қазір қараусыз жатыр. Қаңқасы ғана құрылған 3 қабатты нысанның қабырғалары шөге бастаған. Айналасы ашық-шашық жатыр. Ал жауаптылар міндетін орындамаған мердігерді сотқа беріпті.
"Мердігер мекеме міндетіне алған жұмысын толықтай орындамауына байланысты 2023 жылы келісімшарт аяқталды. 2024 жылы 12 млн теңге тұрақсыздық айыбы өндірілді", – деді Мақат аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілқайыр Қадыров.
Әкімдік пен мердігер мекеме арасындағы даудың жалғасын сот қарап жатыр. Ал сапасыз салынған тұрғын үйлерге қатысты құқық қорғау органдары тексеру жүргізуде.
"Мақат және Исатай аудандарындағы сапасыз салынған үйлерге қатысты құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысандардың қазіргі жағдайы өзгеріссіз, алдағы тағдыры тексеру нәтижелері бойынша шешіледі. Исатай ауданындағы үйлерге ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп, техникалық тексеру жүргізілді. Оларды апатты деп таныды", – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
Өңірде 30-дан аса көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Ал баспана кезегінде 40 мыңға жуық адам тұр. Жылдар бойы жыр болған, апатты құрылыстың болашағы белгісіз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2444778-atyrauda-memlekettik-bagdarlamamen-salyngan-turgyn-uiler-apatty-dep-tanyldy/