Қарағанды тұрғыны ауыр соққыдан ауруханада көз жұмды: күдікті үш адам сотталды
Жарияланған күні:

Балқаш тұрғыны төбелестен соң ауруханада қайтыс болды. Қылмыстық іс бойынша үш адамға үкім шықты, оның ішінде бір кәмелетке толмаған сотталушы бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қарағанды соттараның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
️Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған, абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы 22 желтоқсанға қараған түні Балқаш қаласында кәмелетке толмаған сотталушы және тағы екі адам төбелес барысында жәбірленуші Ж.-ның бас тұсына жұдырықпен және аяқпен бірнеше рет соққы жасап, денесіне көптеген жарақат келтірген, алған жарақаттарының салдарынан жәбірленуші ауруханада қайтыс болған.
Сотталушылардың кінәсі куәлардың сөзімен, бейнежазбамен, сараптамалардың қорытындыларымен және іс бойынша басқа да материалдармен толық дәлелденді.
Басты сот талқылауы барысында прокурор кәмелетке толмаған А.-ға 8 жыл мерзімге, қалған екі сотталушы А. және Қ.-ға әрқайсысына 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тарап сотталушылардың әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7), 9) тармақтары бойынша қайта саралауды сұрады.
Қорғау тарапы сотталушыларды ақтауды сұрады.
Жаза тағайындау кезінде сот кәмелетке толмаған А.-ға қатысты қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмағанын таныды.
Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен кәмелетке толмаған А. кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, А. және Қ.-ға әрқайсысына 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, 10 000 000 теңге өндірілді, өкілдік шығындар 3 500 000 теңге өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2446416-qaragandy-turgyny-auyr-soqqydan-aurahanada-koz-zhumdy-kudikti-ush-adam-sottaldy/