jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Жүздеген жәбірленуші және 700 млн теңгеден астам шығын: Қарағандыда екі әйел сотталды

    судья балғасы
    Судья балғасы. Көрнекі фото: Jantanee Phoolmas/Getty Images

    Қарағандыда 461 адам зардап шеккен және келтірілген залал сомасы 700 млн теңгеден асқан алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Қарағанды облыстық соттарының Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары екі әйелді алаяқтық, яғни ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау арқылы, бірнеше рет, екі және одан да көп адамға қатысты, ірі және аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырды деп айыптаған (ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы).

    Сотта анықталғандай, сотталушылардың бірі WhatsApp қосымшасы арқылы Қытай мен Түркиядан тауарларды төмен бағамен сату жөнінде топтар ұйымдастырған. Ол топтарда ыдыс-аяқ пен түрлі тұрмыстық заттарды ұсынған. Сатып алушыларды тарту мақсатында тауарлардың жеткізілгені туралы пікірлер жарияланған.

    Кейіннен сотталушылар нарықтағы бағадан едәуір төмен бағамен жиһаз, тұрмыстық техника және автокөліктерді жарнамалаған, бұл ретте бөгде адамдардың пікірлері көрсетілген бейнероликтер пайдаланылған.

    "Сатып алушылардан тапсырыстар мен ақшалай қаражатты қабылдай отырып, сотталушылар тауарларды жеткізуге уәде бергенімен, өздеріне алған міндеттемелерін орындауды көздемеген.

    Сотталушылардың әрекеттерінен 461 адам зардап шеккен, келтірілген жалпы залал сомасы 700 000 000 теңгеден асқан", - делінген хабарламада.

    Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, WhatsApp топтарындағы хат алмасу материалдары мен жарияланымдармен, банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы мәліметтермен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен дәлелденген.

    Прокурор сотталушыларға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және бірінің жеті баласы, ал екіншісінің кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескере отырып, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды сұраған.

    Ал жәбірленушілер қатаң жаза тағайындауды және қылмыспен келтірілген залалды өндіріп алуды өтінген.

    Сотталушылар өз кінәларын мойындамаған, қорғау тарапы оларды ақтауды сұраған.

    Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын, сондай-ақ қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын ескерген.

    Үкімге сәйкес, әйелдердің әрқайсысына 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны өтеу мерзімі бір жылға кейінге қалдырылған.

    Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, кінәлілерден 700 млн теңгеден астам сома өндіріп алу белгіленген.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

    Жүздеген жәбірленуші және 700 млн теңгеден астам шығын: Қарағандыда екі әйел сотталды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram