jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Қарағанды облысында ауқымды қазба жұмыстары жүргізілген үш заңсыз карьер анықталды

    Кен өндірісі
    Кен өндірісі. Видеодан кадр: t.me/afm_rk

    ҚМА-ның Қарағанды облысы бойынша департаменті Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында темір мен марганец кенін заңсыз өндіруді тоқтатты. Бұл жұмысты "Vertex Co." және "MiningMetall" ЖШС директоры ұйымдастырған, деп хабарлайды агенттікке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    ҚМА-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, кен өндіру жұмыстары жер қойнауын пайдалануға тиісті құқықсыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген.

    Кен орындарын игеруге жалдамалы жұмысшылар мен экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы және самосвалдар сияқты арнайы техникалар тартылған.

    "Өндірілген кен ұсатылып, кейін сыртқа шығару және сату үшін теміржол станциясына жеткізіліп отырған. Тексеру барысында жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталды", - делінген хабарламада.

    Қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.

    Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет.

    Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынған.

    Күдіктіге қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Тергеу жалғасып жатыр.

    ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram