"Жауыздың басына да тілемейміз": Қызылордада жүрек тұсынан соққы алып көз жұмған 14 жастағы баланың туыстары жанайқайын айтты
Жарияланған күні:

Қызылордада 14 жастағы баланы өлтірді деген күдікпен қатарласы ұсталды. Ол марқұмның кеудесіне бұрағыш зат сұғып өлтірді деген күдікке ілінген. Ұлынан қапыда айырылған ата-ана жауыздыққа барған жасөспірімге ең қатаң жаза сұрайды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Марқұмның әпкесі Гүлсезім Мұраттың сөзінше, інісі кешкі уақытта анасына қолғабыс етіп, орталық алаңда балаларға ойыншық көліктерді жалға беріп, ақша тауып жүрген. "Бұл жолы ол ойыншық көліктің бірін алып келуге бара жатқан", - дейді ол.
Бүгінде отбасы кінәлі адам жазадан қашып құтылмауына кепілдік сұрап отыр.
"Қайғылы оқиға басқа үйде тағы да болғанын қаламаймыз. Жауыздың да басына тілемейміз. Тек керегі – әділдік", - дейді ол.
Әпкесінің айтуынша, екі кәсіпкердің қол астында жұмыс істейтін балалар клиентке таласып, ерегісіп қалған. Даудың арты төбелеске ұласқан. Оның жүрек тұсына үшкір зат сұғылған. Салдарынан жасөспірім ауруханаға жеткенде жан тапсырған. Қара жамылған отбасы күдіктіге жұмыс беруші кәсіпкерді де жазалауды талап етеді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, 13 жастағы оқушы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілген.
"Кәмелетке толмағанның абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – кәмелетке толмаған. Ол Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.Тергеуде кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қылмыстық істі тергеу полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды", - деді Қызылорда ОПД бастығының орынбасары Әлтай Нұрсұлтан.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз