Кентауда жаңа жыл түні болған жарылыс: дәмхана иесі сотталды
Жарияланған күні:

Кентауда Жаңа жыл түні болған дәмханадағы жарылысқа қатысты сот үкімі шықты. Қайғылы оқиға салдарынан екі адам қаза тапқан еді. Іске қатысты дәмхана иесі мен газ құю бекетінің оператор-кассирі кінәлі деп танылды, деп хабарлайды "Жетінші арна".
Кәсіпкер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған, газ бекетінің қызметкері баллонға газ толтыру кезінде қауіпсіздік ережесін бұзған.
Сот дәмхана иесін 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, ол марқұмдардың ата-анасына 10 миллион теңгеден өтемақы төлейді. Ал 23 жастағы оператор-кассир 4 жылға сотталды. Жарылыс болған сәтте дәмханада қарапайым өрт сөндіру құралдарының болмағаны да айтылған еді. Тұрғындар тілсіз жауды ауыздықтау үшін тіпті қолда бар қымызбен сөндіруге мәжбүр болған.
"Ақжан Абудрасулұлы ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Абдрасулұлының кепіл бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылып, ол сот залынан дереу күзетпен ұстауға алынсын. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмен мекемелерінде өтесін", - деді Кентау қалалық сотының судьясы Ұлан Байжігіт.
Ал марқұмның анасы сот шешімін құптап отыр.
"Олар сотталғанымен, үйіне қайтып келеді, анасымен қауышады. Ал мен баламды көре алмаймын, мәңгілікке кетті. Сондықтан дұрыс шешім шығарды деп ойлаймын. Өйткені басқа кәсіпкерлерге де сабақ болып, өз міндеттерін жақсы атқарса деймін", - деді Шолпан Ахметова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2449185-kentauda-zhanga-zhyl-tuni-bolgan-zharylys-damhana-iesi-sottaldy/