Желіде Жаңаөзеннің экс-әкімі ұсталғаны туралы ақпарат тарады: ҰҚК түсінік берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Желіде Ақтауда Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаев пен самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекеновтің ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Оған қатысты ҰҚК түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Telegram-дағы Kozachkov offside арнасының хабарлауынша, Ақтауда Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі, кейін Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі болған Жансейіт Қайнарбаев ұсталды делінген ақпарат шықты.
Сондай-ақ онымен бір іс бойынша самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов күдікке ілінгені, ал қылмыстық іс "Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып адам ұрлау" бабы бойынша тергеліп жатқаны аталып өткен.
"Мәліметтер әзірге көп емес. Дереккөздің айтуынша, кеше Ақтауда Қайнарбаевтың таныстарының бірімен кездесуі ушыққан. Бір сәтте сол ер адам кетіп қалмақ болған, бірақ оны "Лексус 600" автокөлігінде күштеп ұстап отырған. Алдын ала мәліметтер бойынша, шенеунікке Бисекенов өз адамдарымен келіп көмектескен.
Кейінірек жәбірленушіні қала сыртына шығарып әкетпек болған, алайда жолда сегіз адамнан тұратын топты жергілікті ҰҚК департаментінің қызметкерлері тоқтатқан. Осыдан кейін Қайнарбаев пен Бисекенов ұсталды", - делінген жазбада.
ҰҚК NUR.KZ тілшісіне сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді", - деп түсіндірді ведомстводағылар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2449503-zhelide-zhangaozenning-eks-akimi-ustalgany-turaly-aqparat-tarady-uqk-tusinik-berdi/