"1 019 ноутбук ұрланған": Қазақстанда жүк пойыздарынан 633 млн теңгенің техникасы қолды болған
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстанда транзиттік контейнерлерден құны шамамен 633 млн теңге болатын техника ұрлау дерегі ашылды. Төрт сотталушыға үкім шықты, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың мәліметінше, қымбат техника Қазақстан аумағы арқылы Батыс Еуропа елдеріне бағыт алған транзиттік жүк контейнерлерінен ұрланған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Абай облысының төрт тұрғыны анықталып, ұсталған. Тергеу деректеріне сәйкес, олар алдын ала сөз байласып, жүк пойыздарының контейнерлеріне бірнеше рет заңсыз кіріп, ноутбуктер мен ойын приставкаларын ұрлаған.
"Атап айтқанда, өткен жылдың мамыр айында Жетісу облысындағы Торпалды станциясында Қытай – Польша бағытымен келе жатқан контейнерден 1 019 ноутбук ұрланған. Кейін ұрланған техниканың бір бөлігі Алматы қаласында сатылған.
Аталған ұрлық салдарынан жүк тиесілі компанияларға жалпы сомасы 633 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілді", - деді Рамазанов.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында көлік полицейлері қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп, ұрланған техниканың бір бөлігін тәркілеген.
"Жетісу облысы Алакөл аудандық сотының үкімімен төрт сотталушы аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға 6 жыл 7 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді Көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2449643-1-019-noutbuk-urlangan-qazaqstanda-zhuk-poiyzdarynan-633-mln-tenggening-tehnikasy-qoldy-bolgan/