jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Алматыда зейнеткер 20 мысығымен бірге тас қараңғы үйде өмір сүріп жатыр: көршілері шу шығарды

    Алматыдағы пәтер
    Алматыдағы пәтер. Кадр: КТК телеарнасы

    Алматыда үйіне қоқыс таситын көршіден мезі болған тұрғындар шу шығарды. Аядай пәтерде тұрмыстық қалдықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Соның салдарынан төрт қабатты үйді түгел тарақан жайлап, жұрт қолқаны қабатын иіске тұншығып отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

    Көзіне көрінген күл-қоқысты үйіне таситын әйел көрші-қолаңды шаршатқан. Жағымсыз иістен жұрт емін-еркін тыныстаудан қалдық, дейді. Оның үстіне жақын маңдағы баспаналарды қоңыз бен кеміргіш жайлай бастапты.

    "Мұнда ұзақ уақыттан бері тұрамын. Иіске шыдау мүмкін емес. Ол коммуналдық қызмет ақысын төлемейді. 500 мыңдай қарызы бар. Бұл пәтерде бір емес, бірнеше мәрте өрт болды", - дейді тұрғындардың бірі Марина Копылова.

    Жұрт қалдық жинауға құмар көршіден құтқаруды сұрап, талай мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, ешқандай өзгеріс болмапты. Тек екі жыл бұрын белсенділер ауласын қоқыстан тазартуға ат салысқан. Бірақ олар кеткен соң, әйел ескі әдетіне қайта басады.

    "Денсаулығымызға алаңдаймыз. Үйімізге қонақ шақырудан да қалдық. Бірнеше мәрте полицияға шағымдандық. E-otinish арқылы әкімдікке де жаздық. Бармаған жеріміз жоқ", - дейді Нұргүл Әбдіраева.

    Ақысын төлемеген соң, жалғызбасты әйел коммуналдық қызметтен толық ажыратылған. Тас қараңғы пәтерде жарықсыз, сусыз, қаптаған қоқыстың ортасында өмір сүріп жатқан зейнеткердің психикалық ауытқуы бар ма, жоқ па, ол әзірге белгісіз.

    "Дәретін пакетке, не болмаса бөтелкеге шығарды да, терезеден жерге тастай салады. Қоқыс арасында жалғыз тұрмайды. 20 шақты мысығы бар. Онымен сөйлесу мүмкін емес. Шыдамымыз таусылды", - дейді Татьяна Герасименко.

    Әйелдің үйде болатын сәтін көршілері білмейді. Таңертең кетіп, түн ортасында оралатын тұрғынды біз де кезіктіре алмадық. Жекеменшік аумақ болғандықтан, тазалыққа жауапты мамандар мәселеге араласа алмаймыз дейді. Десе де түсірілім тобы кеткен соң, әкімдіктегілер үйдің ауласын тазартуға кірісіпті.

    Дереккөз: КТК телеарнасы

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram