Чехиядан жұмыс уәде еткен: қазақстандық 100-ден астам азаматты алдады деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астанада шетелден жұмыс уәде етіп, алаяқтық жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Алданғандар саны 100-ден асады, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ІІМ медиапорталының жазуынша, Астанада Есіл ауданының криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірген.
"Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті әлеуметтік желілерде Чехиядағы жоғары жалақы төленетін жұмыс туралы хабарландырулар жариялаған. Ол жүгінген азаматтарға жұмыс табуға, виза рәсімдеуге, қажетті құжаттарды әзірлеуге және жұмыс берушімен келіссөз жүргізуге көмектесуге уәде беріп, олардың сеніміне кірген.
Алайда ол жәбірленушілерден алдын ала төлем алғанымен, өз міндеттемелерін орындамаған. Азаматтардың бірі оған 800 мың теңге бергені анықталды. Қазіргі уақытта күдіктінің осындай жолмен 100-ден астам азаматты алдауға қатысы бары белгілі болды", - делінген хабарламада.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ басқа да зардап шегушілер анықталып, келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі нақтылануда. Күдікті қамауға алынған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2450930-chehiiadan-zhumys-uade-etken-qazaqstandyq-100-den-astam-azamatty-aldady-degen-kudikke-ilindi/