"15 жыл және 10 млн өтемақы": Алматыда әйелін өлтірген экс-полицей сотталды
Жарияланған күні:

Алматыда әйелін пышақтап өлтірген экс-полицейге үкім кесілді. Қылмыскер Серік Накимов 15 жылын темір тордың ар жағында өткізетін болды. Жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өтемақы беруге де міндеттелді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бір жарым жыл бұрын дүйім жұртты дүр сілкіндірген іске бүгін нүкте қойылды. Тергеуде экс-полицейдің өз жұбайын асқан қатігездікпен пышақтап өлтіргені толық дәлелденді. Осыған дейін жасалған екі сараптама қорытындысы қылмыс жасалған сәтте Серік Накимов есеңгіреген күйде болды деп шығарған еді.
Дегенмен Наурызбай аудандық соты істің бабын өзгертпей, 39 жастағы ер адамды 15 жылға бас бостандығынан айырды.
"Накимов Серік Құрмантайұлы Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын.
Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтесін және Шаныбек Разия Сәкімқызының пайдасына 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 3 миллион теңге өкілдердің қызметіне ақы төлеу шығыны өндірілсін", - деді судья.
Марқұмның жақындары бұған дейін күйеу баланы өмір бойына соттауды сұраған. Дегенмен бүгінгі сот үкімімен де келісіп отыр.
"Үкімге көңілім толып тұр. Бірақ мен өмір бойына деп сұрағам. Аллаға шүкір, бұған да шүкір. Алла берсін ендігі жазасын. Соттан қалған жазаны Алла берсін.
Бала‑шағасын аман қылсын. Ал жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған заңгер Мейірман Шекеев, алдағы уақытта апелляциялық сотқа арыз жазылуы мүмкін екенін айтты.
"Бұл үкімге қанағаттанамыз. Себебі бір емес, екі сараптама тағайындаған кезде оны аффект жағдайда деп шығарып берген. Біз үкімді қазір ғана естідік.
Мен жәбірленушімен сөйлесіп, егер моральдық шығынға көңілі толмаса, апелляциялық шағымды сол бөлігінде беруіміз мүмкін", - деді заңгер Мейірман Шекеев.
Жантүршігерлік оқиға осыдан бір жарым жыл бұрын болған.
15 жыл ішкі істер органында қызмет еткен Серік Накимов өз әйелін балаларының көзінше пышақтап өлтірген. Артынша өзін де өлтіруге тырысқан.
Осылайша қылмыс "есеңгіреген күйде жасалды" деген сараптама қорытындысы экс-полицейдің жазасын жеңілдетуге еш әсер ете алмады. Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2451660-15-zhyl-zhane-10-mln-otemaqy-almatyda-aielin-oltirgen-eks-politsei-sottaldy/