Шымкентте спортшы жігітті өлтірген алты адамға сот жаза тағайындады
Жарияланған күні:

Шымкент көшесінде көлікке шабуыл жасап, спортшы жігітті адамдардың көзінше пышақтағандарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасының сайты.
Телеарна тілшісінің тергеу дерегіне сүйеніп хабарлауынша, күдіктілер жәбірленушілерді қуып жетіп, қашып құтылуына мүмкіндік бермеу үшін бағдаршам алдында тұрған көлікті артынан соғып, жол апатын ұйымдастырған. Содан кейін марқұм Василий Колесников отырған көлікке шабуыл жасаған. Топ мүшелері қаза тапқан азаматтың денесін Шымкентке іргелес Ордабасы ауданының ауруханасының автотұрағына тастап кеткен.
Сот алты адамды адам өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, бұзақылық және алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау баптары бойынша кінәлі деп таныды. Шабуыл кезінде ауыр жарақат алған тағы бір жәбірленушіге де 10 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
"А.- ға қылмыстардың жиынтығымен түпкілікті – 23 жыл, І. мен Қ.- ға түпкілікті – 22 жылдан, Е. - ге – 21 жыл, Ж. - ға – 20 жыл, Қ. - ға 20 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл қылмыс күндіз қаланың ортасында, адамдардың көзінше қоғамдық тәртіпті құрметтемеу анық көрінетін азаматтарға күш қолдануды барынша арсыздықпен жасалып, жәбірленуші Колесниковты ұрлап, аса қатігездікпен қазаға ұшыратқан. Сот Қылмыстық кодекстің 55-бабы, 4 және 6-бөлігінде сотталғандарға қатысты жазаның неғұрлым жұмсақ түрін тағайындауға негіз жоқ деп тапты", - деді судья.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиғаға қатысты "Кісі өлтіру", "Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық" және "Адам ұрлау" баптары бойынша үш қылмыстық іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері кәсіби әрекет етіп, қылмыс болған бір тәулік ішінде төрт адамды, ал кейін тағы үш адамды ұстады. Айта кетейік, бұл іске қатысы бар тағы бір күдікті әлі іздестіріліп жатыр.
Тергеуді Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты бақылауға алды, ал қылмыстық полиция, тергеу департаменті және ішкі қауіпсіздік департаментінің басшылары Шымкентке жіберілді.
Айта кетейік, төбелесте тағы бір адам зардап шегіп, аураханаға түскен.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2452335-shymkentte-sportshy-zhigitti-oltirgen-alty-adamga-sot-zhaza-tagaiyndady/