Павлодарда пробация қызметінің инспекторы ұсталды: ол сотталған адамнан 400 мың теңге пара алған
Жарияланған күні:
Читать на русском
Павлодарда сотталған азаматтан 400 мың теңге көлемінде пара алды деген айыппен пробация қызметінің бұрынғы инспекторына сот үкім шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ irbistv.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде 10 тамызда сотталған азаматты полицейлер жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндегені үшін ұстағаны көрсетілген. Содан кейін пробациялық бақылау қызметінің инспекторы тарабынан тиісті әрекеттер жасалуы керек еді, алайда ол ештеңе істемеген.
2 апта өткен соң есепте тұрған азамат қайтадан рульге отырған, бұл жолы ол мас күйде болған. Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынды, ал ол босап шыққан соң өзіне ескерту жасауға тиіс инспекторға барған.
"Жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзатын тұлғаларға қатысты ескерту жасау және бас бостандығын шектеу түріндегі өтелмеген жаза мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы өзіне жүктелген сотқа ұсыну міндетін елемей, ескерту жасамау және сотқа ұсыну жібермеу түріндегі заңсыз әрекетсіздігі үшін өзіне 400 мың теңге көлемінде ақша беру қажеттігін айтты", - делінген Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.
Бірнеше күннен кейін пробация қызметінің инспекторы өз кабинетінде ақша алған, содан кейін оны ҰҚК департаментінің қызметкерлері ұстады. Ол өз кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Материалдарды зерделеген сот 12 млн теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2452412-pavlodarda-probatsiia-qyzmetining-inspektory-ustaldy-ol-sottalgan-adamnan-400-myng-tengge-para-algan/