Жамбылдағы жасөспірімдер арасындағы жанжалдар: 4 әкімге қатаң сөгіс берілді
Жарияланған күні:

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар қатысқан резонансты оқиғалардан кейін бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Төрт ауданның әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Kazinform.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс, кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының себептері және алдын алу жұмыстарының тиімділігі облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен арнайы жиында қаралды.
Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алып, профилактикалық шаралардың көбіне формалды түрде өткізіліп, күткен нәтиже бермейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, жұмыстың тиімділігін өткізілген ашық сабақтар, тренингтер, сауалнамалар мен рейдтердің санымен емес, нақты нәтижесімен бағалау қажет.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасарына сөгіс жарияланды. Байзақ, Жамбыл, Талас және Қордай аудандарының әкімдері мен облыстық білім басқармасының басшысына қатаң сөгіс берілді. Сондай-ақ аталған аудандар әкімдерінің осы бағытқа жауапты орынбасарларына да қатаң тәртіптік жаза қолдану көзделген.
Бұдан бөлек, полиция департаментінің бастығына төрт аудандық полиция бөлімінің басшыларына қатысты қызметтік тексеру жүргізу тапсырылды.
Еске салайық, бұған дейін өңірде кәмелетке толмағандар қатысқан бірнеше резонансты оқиға болған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2452779-zhambyldagy-zhasospirimder-arasyndagy-zhanzhaldar-4-akimge-qatang-sogis-berildi/