Қызылорда облысында криптовалюта ісі бойынша миллиард теңге тәркіленді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастауды ұйымдастырып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған адамдар сотталды, деп хабарлайды ҚМА-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, тергеу барысында сотталғандар тиісті рұқсатсыз, "Астана" халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде Binance платформасының P2P қызметі арқылы криптовалютаны заңсыз саудалағаны анықталған.
Осылайша, олар 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтер сатқан. Криптовалютаны заңсыз айырбастаудан түскен табыс 178 млн теңгеге жеткен.
Сонымен қатар сотталғандардың бірі есірткі сатудан түскен ақшаны заңдастырумен айналысқан.
Ақшаны қабылдау және басқа шоттарға аудару үшін өздерінің банк шоттарын пайдалануға берген адамдарды (дропперлерді) тартқан.
Осы шоттар арқылы 600 млн теңгеден астам ақша аударылған.
"Түскен ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудагерлерінің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу анықтаған мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT-ге жеткен. Сотталғандар қылмыстық жолмен тапқан ақшасына жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды жақын туыстарының атына тіркеген. Кейін бұл көліктерді кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, заңды тұлғаларға жалға берген", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен сотталушылардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Сондай-ақ төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 млрд теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленген.
Үкім заңды күшіне енді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2452970-qyzylorda-oblysynda-kriptovaliuta-isi-boiynsha-milliard-tengge-tarkilendi/