"Төбелесіп, шаш жұлысты": Алматыда Меладзенің концертіндегі жағдайдан кейін бірнеше адам жазаланды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы полициясы концерт кезінде жанжал шығарған үш әйелді анықтады. Олардың бірі бес тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ мегаполистің полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алматыдағы концерт кезінде болған жанжалдан кейін үш әйел жауапқа тартылды. Қауіпсіздік қызметкерлері оларды концерт алаңынан сыртқа шығарды. Ал концерт тоқтатылған жоқ.
Болған оқиғаны Threads желісінде @alishia.bbt есімді желі қолданушысы жазды. Оның айтуынша, әйелдер дауыс көтеріп, жанжалдасқан.
"Екі әйел концерттің соңына таман фан-аймақтың түп жағынан алдыға қарай елді итермелеп өтуге әрекет жасады, төбелесті, шаш жұлысты. "Мен сенің анаңдай адаммын, қалай ұялмайсың" деп айғайлады", - делінген жазбада.
Алматы полициясы оқиғаға қатысы бар үш әйелді анықтады
"Олардың екеуі Алматы облысының тұрғындары. Біреуі сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Екіншісіне қоғамдық орында алкогольге мас күйде жүргені үшін айыппұл салынды.
Ал Тараз қаласының тұрғынына қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотқа жолданды", - дейді қалалық ПД өкілдері.
Бұдан бөлек әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг барысында концерттің тоқтатылғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жарияланған. Instagram аккаунтының иесі анықталып, оған жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.
"Полиция қоғамдық тәртіпті бұзғаны және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады", - делінген мегаполис ПД хабарламасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2453426-tobelesip-shash-zhulysty-almatyda-meladzening-kontsertindegi-zhagdaidan-keiin-birneshe-adam-zhazalandy/