"Өзіне не істегенін айта алмайды": Алматылық әйел түзету балабақшасында ерекше қажеттілігі бар баласы зәбір көргенін мәлімдеді
Жарияланған күні:

Алматы тұрғыны қаладағы түзету балабақшаларының бірінің қызметкерлері ерекше қажеттілігі бар баласына қатыгездік танытқанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Threads әлеуметтік желісінің алматылық ovcharova.ga есімді қолданушысы қаладағы түзету балабақшаларының бірінде баласына қатыгездік көрсетілгенін жазды.
Әйелдің айтуынша, балабақша қызметкерлері ата-аналарға сабақ барысынан үнемі бейнежазбалар жіберіп отырады. Алайда бұл жолы жіберілген видеода тәрбиешінің балаға дөрекі түрде қол тигізіп, ұрысқаны көрінеді.
"Біз баламызды сеніп тапсырған мекеме, бейнежазбаға қарағанда, оны ренжітіп, ұрып-соғып, қорлап, кемсітетін орынға айналған.
Менің балам – ерекше қажеттілігі бар бала. Ол сөйлей алмайды. Үйге келіп, анасына өзіне не істегенін айтып бере алмайды. Көмек сұрап немесе өзін қорғап, сөзбен жеткізе алмайды. Сондықтан біз балаларымызды мамандарға сеніп тапсырамыз. Бірақ баланың қауіпсіздігіне жауапты ересек адамның өзі оған жәбір көрсетсе, оны кім қорғайды?
Біз қорқыныш пен қорлық үшін емес, қамқорлық, баланың дамуы үшін, кәсіби көмек алу үшін ақша төлейміз. Мен бұл жағдайға көз жұма қарамаймын. Ресми тергеу жүргізіліп, әділдік орнауына күш саламын", – деп жазды әйел.
Алматы қалалық полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Полиция департаменті кәмелетке толмағандарға, әсіресе ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балаларға қатысты тиісінше қарамау фактілеріне ерекше назар аударады.
Аталған дерек бойынша тергеу басталды. Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бейнематериалдарды зерделеп, оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ маман мен түзету орталығы басшылығының әрекеттерін анықтап жатыр", – деп хабарлады ведомство.
Полиция тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін нақтылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз