Алматыда бірнеше автокөлікті шіріген ағаш басып қалды (видео)
Опубликовано:

Алматыдағы аудандардың бірінің ауласында шіріген ірі ағаш құлап, үш бірдей автокөлікті басып қалды. Бейсенбідегі оқиға орнынан түсірілген суреттер әлеуметтік желілерде тарады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлады.
Оқиға орнынан түсірілген видео Telegram-дағы Kris_p_almaty арнасында жарияланды.
Оқиға 14 қарашада түстен кейін қаланың Әуезов ауданында, Жандосов көшесі бойындағы үйлердің бірінің ауласында болған. Құтқару қызметінің мамандары сол маңға барып, ауланы құлаған ағаштан тазалаған, зардап шеккендер жоқ.
"14 қараша сағат 15:10-да Әуезов ауданы Жандосов көшесі, 182 мекенжайында үш көліктің үстіне ағаш құлады деген хабарлама түсіп, Құтқару қызметінің құтқарушылары оқиға орнына жіберілді. Ағаш құлаған жерді "109" қызметінің құтқарушылары жедел тазартты", - деп мәлімдеді Құтқару қызметі өкілдері KAZ.NUR.KZ тілшісіне.
Бұған дейін төтенше жағдайлар министрлігі қолайсыз ауа райы кезіндегі сақтану шаралары туралы мынадай кеңес жариялаған:
- Жарақат алып қалмас үшін таймайтын аяқ киім киіңіз;
- Аяқты нық басып, асықпай жүріңіз;
- Балалар үлкендерсіз далаға шықпасын;
- Науқастар, егде тартқан адамдар көшеде жалғыз жүрмесін;
- Электр желілері тартылған, ағаш өсіп тұрған жерлерге, құрылысы нашар нысандардың қасына жақындамаңыз;
- Олардың қасына автокөлік қоймаңыз;
- Автокөлік пайдалануды азайтыңыз, онымен қалаға шығудан бас тартыңыз;
- Автокөлікпен жүрген уақытта арақашықтық сақтаңыз, тежегішті бірден баспаңыз, жылдамдықты баяулатыңыз.
Автор: Талғат Дүйсенбек
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2187837-almatyda-birneshe-avtokolikti-shirigen-agash-basyp-qaldy-video/