Оқыс оқиға

Зектілері

Қарағанды облысында жолаушы толы автобус қатты аяздан жолда тұрып қалды

Жарияланған күні:

Қарағанды облысындағы тасжолда қалған автобус
Тасжолда қалған автобус. Фото: polisia.kz

Қарағанды облысында Алматы–Екатеринбург тасжолында қатты аяздың салдарынан тоқтап қалған автобус жолаушылары эвакуацияланды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, Гүлшат елдімекенінен 30 километр жерде, жолдың 559-километрінде дизель отыны қатып, жылытқышы істен шыққан Volvo маркалы автобус тоқтап қалған.

"Автобус ішінде Алматыдан Екібастұз қаласына бағыт алған 15 жолаушы болған. Патрульдік полиция батальонының екі экипажы жолаушыларды Балқаш қаласына қауіпсіз жеткізді", - делінген хабарламада.

Қазір тәртіп сақшылары автобусты іске қосу үшін қажетті көмекті көрсетіп жатыр.

Сондай-ақ ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық тасжолдарда патрульдік полиция батальоны күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Олар жол қозғалысын бақылап, төтенше жағдайға тап болғандарға дереу көмек көрсетуде.

Бұған дейін Жамбыл облысы Шу ауданында жолаушылар автобусы аударылып қалғанын жазған болатынбыз. Құтқарушылар 9 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады.

Ал Ақтөбе облысында полицейлер жолда қалған автобус жүргізушісі мен шетелдіктерге көмектесті. Олардың ішінде 56 шетелдік бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2199143-qaragandy-oblysynda-zholaushy-toly-avtobus-qatty-aiazdan-zholda-turyp-qaldy/