Таиландта катер жарылды: зардап шеккен қазақстандықтар оқиғаның мән-жайын айтты (фото)
Жарияланған күні:

Таиландтың Пхукет аралында туристер мінген катерден өрт шығып, алты адам, оның ішінде үш турист зардап шекті, деп хабарлайды Kazinform.
Оқиға туралы мәлімет
Жергілікті Khaosod ақпарат порталының хабарлауынша, катерде 33 ресейлік және қазақстандық турист, бір экскурсия жетекшісі және үш экипаж мүшесі болған.
Пхукет аймақтық айлақ кеңсесі жергілікті уақыт бойынша 1 сәуір күні сағат 9:00 шамасында Thanamarine 555 атты катер өртенгені туралы хабарлама алған.
Ақпаратқа сәйкес, катер капитаны қозғалтқыш ақауларына тап болып, көмек жіберуді хабарлаған соң жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Осы кезде кенеттен өрт шығып, жарылыс болған.
Жарылыс салдарынан үш экипаж мүшесі және үш турист жарақат алған. Жедел жәрдем қызметкерлері зардап шеккендерді жергілікті ауруханаға жеткізді.
Пхукет аймақтық айлақ кеңсесі оқиға орнына тергеу және көмек көрсету үшін порт патрульдік қайығын жіберген.
Таиланд Туризм және спорт министрі Суанг Тиенхонг туристтік полиция бюросы мен тиісті жергілікті мекемелерге қауіпсіздікке, саяхатты ұйымдастыруға және зардап шеккендерге мұқият медициналық көмек көрсетуге назар аудара отырып, туристерге толық көмек көрсетуді тапсырды.
Қазақстандықтар оқиғаның мән-жайын айтты
Таиландтың Пхукет аралында өртенген катерде болған Қазақстан азаматы Думан Байкен осы оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.
"Дәл қазір жағдайымыз жақсы. Өрт болған кезде мен яхтада болдым, ал зайыбым (Бақытгүл Байкен) суда жүзіп жүрді. Жалпы, катерде техникалық ақау бар екенін алдын ала сездік. Себебі жолға шыққан кезде, 10 минуттан кейін бензин исі сезіліп, катердің бір қозғалтқышы істен шықты. Екінші қозғалтқышымен әрең дегенде жақында тұрған аралға жеттік… Экипаж мүшелері қайықты жөндеуге кірісті. Ал жолаушылардың кейбірі жағалауда болса, кейбірі суда болды. Сол кезде мен де катердің жанында суда жүзіп жүрген едім. 20 минуттан соң киімімді ауыстыру үшін катерге көтеріліп келе жатқанда жарылыс болды", - деді Байкен Таиландтағы демалыс үйінен онлайн режимде Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, өрт кезінде ол суға секіріп, әйелімен бірге жағалауға шыққан. Жарылыс салдарынан қолы күйіп қалған. Жарты сағаттан кейін туристерді құтқарушылар алып кеткен. Катерде болған туристердің төртеуі - Қазақстан азаматы.
Шашы күйіп қалды
"Бұл жерде полиция мен аурухана қызметкерлері жақсы қабылдап, күтім жасады, алғашқы көмегін ұсынды. Ал волонтерлер бізге тез арада киім жеткізіп, тамақтандырды. Катерде Қазақстаннан 4 адам болдық, екеуі Алматыдан. Алматылық жігіттің аяғын күйік шалды, ал қыздың шашы күйіп қалды. Ертең госпитальге тағы барамыз. Осы елдегі Консул бізбен байланысқа шықты, қазір біз орналасқан қонақ үйге келеді", - деді Думан Байкен.
Оның сөзіне қарағанда, катердегі заттары мен құжаттары өртеніп кеткен. Консулдық құжаттарды даярлауға көмектеседі.
"Біз осында 30 наурызда келдік. Демалысымыз 7 сәуірге дейін жоспарланған", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2232228-tailandta-kater-zharyldy-zardap-shekken-qazaqstandyqtar-oqiganyng-man-zhaiyn-aitty/