Ақмола облысында тасқын салдарынан 5 елді мекен су қоршауында қалды (фото, видео)
Жарияланған күні:

Ақмола облысы Астрахан ауданының 5 елдімекені - Ескі Колутон, Ягодное, Жаңа Колутон, Еңбек және Қаракөл ауылдары су қоршауында қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
ТЖМ құтқарушылары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетесіп жатыр. Министрлік ақпаратына сенсек, Қалқұтан өзенінің деңгейі төмендей бастаған, жағдай тұрақты.
"Тәулік бойы жедел-құтқару жасағының қызметкерлері кезекшілік жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындарды жүзу құралдарының көмегімен тасымалдау қамтамасыз етіледі.
Бүгін құтқарушылар Ягодное ауылының 1966 жылы туған медициналық көмекке мұқтаж тұрғынын эвакуациялады.
Ауыз су жеткізіледі, электр энергиясы өшірілген жағдайда электр генераторлары қажетті мөлшерде жеткізіледі. Осы жерде өзен жағалауында жағдайды мониторингілеу үшін командалық-штабтық машина орнатылған", - делінген министрлік хабарламасында.

Ақмола облысында 200-ден астам құтқарушы бөгетті нығайтуды жалғастырып жатыр. Су тасқынына қарсы іс-шаралар Біржан Сал ауылының Макинка каскадты бөгетінде жалғасуда.
Ормандардағы қардың көп еруі мен жауын-шашынның салдарынан бөгетке су көп мөлшерде келген.

"200-ден астам қызметкер, 60-қа жуық техника, ТЖМ мен ЖАО-ның 20 мотопомпасы бөгетті нығайтып, инертті материалдан үйінді тұрғызып жатыр. Өнімділігі жоғары өрт-сорғы станциялары орнатылған.
Бір тәулік ішінде 46 мың текше метр су сорылды, 250 метр үйінді төселді. Құтқарушылардың кәсіби әрекеттерінің арқасында еріген су бір бөгеттен екіншісіне бұрылды, бұл бөгетке түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады", - деп сендірді министрлікте.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2234138-aqmola-oblysynda-tasqyn-saldarynan-5-eldimeken-su-qorshauynda-qaldy-foto-video/