Зардап шеккендердің бірі қаза тапты: Алматы облысындағы ұн зауытында жарылыс болды (видео)
Опубликовано:

Алматы облысында ұн өндіретін зауытта жарылыс болып, зардап шеккен 49 жастағы қызметкер алған жарақаттардың салдарынан қайтыс болды, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 23 мамыр күні Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылында орналасқан ұн өнімдерін шығаратын зауыт аумағында жарылыс болып, өрт шықты.
"Оқиға орнына дереу Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Шұғыл штаб құрылып, өрт толық сөндірілді. Қызыл жалын 1377 шаршы метр аумақты шарпыды", – деп хабарлады ведомстводан.
Департамент мамандары астық қалдықтарының шаң-тозаңы жаралысқа себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"АзияАгроФуд" басшысы Саян Әшенов төтенше жағдай салдарынан компания қызметкерлері зардап шеккенін атап өтті.
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан агенттікке мәлім еткендей, Қаскелең қаласындағы Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасына 23 мамыр күні 4 адам жеткізілді.
Зардап шеккен қызметкерлердің бірін аман алып қалу мүмкін болмады. 49 жастағы ер адамның денесін терең күйік шалған.
"Қалған үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл науқастарды жеке бақылауына алып, дер кезінде диагноз қою және толық ем алу үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр", — деп хабарлады басқармадан.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2249082-zardap-shekkenderding-biri-qaza-tapty-almaty-oblysyndagy-un-zauytynda-zharylys-boldy-video/