Алматыда толассыз жауыннан лай жүріп, көшені су басты
Жарияланған күні:
Алматыда толассыз жауған жауыннан лай жүріп, көшені су басты. Тау бөктерінде тұратын үйлер кеше топырақ астында қалып қоя жаздаған. Жеке үйдің ауласына зақым келіп, нысанның шатыры бүлініпті. Бұған топырақтың шамадан тыс ылғалдануы да себеп болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алдағы күндері де жаңбыр тоқтамайды деген мамандар, көшкін қаупі бар екенін ескертеді.
Екі күн жауған жаңбырдан таулы аймақта лай жүрді. Шамадан тыс ылғал топырақ жеке үйдің ауласына сырғып түскен. Абырой болғанда тұрғындар зардап шекпеді. Жардың бір бөлігі еңіске қарай жылжып, ауладағы күзет отыратын нысанның шатырына зақым келген. Болжам бойынша опырылған жердің көлемі шамамен 300 текше метр. Қазір бұл жерді тазалап жатыр.
Ауланы топырақтан тазартуға 40-қа жуық адам мен он техника жұмылдырылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай дәл осы аумақта бұған дейін де болған, жаңбыр жауса, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді.
"Бұған дейін де лай көшкіні болып, адамдар қаза тапқан. Қаншама материалдық шығын да келді. Үреймен өмір сүріп жатырмыз. Бірнеше мәрте жауаптыларға жүгіндім, алайда еш нәтиже жоқ", - дейді Наталья Островерхова.
Толассыз жауған жаңбырға қаладағы арықтар да төтеп бере алмады. Соның салдарынан көшелер көлге айналып, су аулаларға жайылды. Жертөлелер суға толған. Ұзын-сонар көлік кептелісі де кешеден бері тұрғындарды әбігерге салып жатыр.
"Үйім жақын жерде. Бірақ соның өзіне жету үшін екі сағат кептелісте тұрдым. Жаңбыр жауса үнемі осылай", - дейді Мұхит Кемелов.
Кешегі нөсердің өзі айлық норманың төрттен бірін құрады дейді синоптиктер. Алдағы үш күн бойы жауын-шашын тоқтамайды деп болжап отыр.
"Еліміздің батысы мен оңтүстігінде тұрақсыз ауа райы болжанады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал оңтүсітік облыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар, жауын-шашын түсіп, жел күшеюі мүмкін. Республика бойынша түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал", - деп пікір білдірді "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.
Қалада көшкін жүру қаупі әлі де бар. Қазір мамандар тұрғындарға ескерту қағазын таратуға кіріскен. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2367153-almatyda-tolassyz-zhauynnan-lai-zhurip-kosheni-su-basty/