jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Қирандылар арасынан орамалы табылды": Ақтөбеде газ жарылып, 58 жастағы әйел көз жұмды

    Ақтөбедегі газ жарылысы
    Ақтөбедегі газ жарылысы. Фото: "Астана" телеарнасы

    Ақтөбеде газ жарылысынан 58 жастағы әйел көз жұмып, шаңырағы ортасына түсті. Бүгінде отбасы мүшелері баспанасынан ғана емес, анасынан да айырылған. Қайғыдан қан жұтқан отбасы әділдік іздейді, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

    Қазір отбасының баспанасының орнында үйінді ғана жатыр. Қирандылар арасынан марқұмның орамалы табылып, жақындарының жүрегі тағы езілді. Қайғылы оқиға 26 мамырда кешкі сағат алты шамасында болған. Бүлдіршіндер балабақшадан енді келетін кез, отбасы мүшелері сыртта жүрген. Тек садақаға баруға дайындалған 58 жастағы әйел киім ауыстыруға үйге кірген. Бірақ сол кіргеннен қайта шыққан жоқ. Жарылыс әп-сәтте бүкіл үйді қиратып, әйелді үйінді астында қалдырған.

    "Есігін ашып үйіне кірген жағдайда болған жарылыс, сол кіреберіс табалдырықта құлаған, аяқ киімін де шешпеген. Телефоны, қолындағы сумочкасы бәрі сол өзінің жатқан жерінен таптық. Ешқандай денесінде жаңағы сынық, шығып кеткен ондай ештеңе жоқ. Тек бастырылып, жан тапсырған", - дейді марқұмның апасы Мейрамгүл Тынымова.

    Табиғи газдың жарылысы аса жойқын болған. Жүз шаршы метр аумақ қирап, көрші үйлердің терезелері мен шатырларын жұлып әкеткен. Қақпа алдында тұрған көлік темір үйіндіге айналған. Бұл үйді отбасы 2005 жылы ипотекаға алыпты. Содан бері әр кірпішін еңбекпен көтерген. Марқұм базарда сауда жасап, отбасын асыраған. Бүгінде сол отбасының тірегі де, үйі де жоқ. Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сараптама қорытындысы әлі шыққан жоқ.

    "Газде қызмет ететін адамдардан күдіктеніп тұрмын. Сол күні естідім да, сол күні бір 3 газовик жүргенін бір жерден утечка шығыватр деп жүрді, деп естідім. Жабамыз деп может қатты давление ашып жіберді ма деген ойдамын. Осы уақытқа дейін газдың ешқандай шағымы болған жоқ", - дейді марқұмның ұлы Бекбол Исаев.

    Отбасы газ қызметіне күмән келтіреді. Айтуларынша, қайғылы жағдайдың алдында ғана маңайдағы бірнеше үйде газдың шығуы анықталып, мамандар тексеру жүргізген. Ұлы тергеудің әділ өтіп, кінәлілер анықталады деп үміттенеді.Әкімшіліктен көмек сұрап барған, алайда ондағылар заң бойынша көмек тек өрт пен су тасқынынан зардап шеккендерге қарастырылғанын айтып, шығарып салыпты.

    "Ақтөбе қаласы полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды. Сараптамалардың қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданатын болады", - дейді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

    Қазір бұл отбасының алдында тағы бір ауыр сынақ тұр. Олар енді қайда барады? Әжеден айырылған қос немере, жұмыссыз әке, келін мен балалары бүгінде туған-туыстың үйін жағалап жүр. Бір жарылыс бір адамның өмірін ғана емес, бүтіндей бір әулеттің болашағын күл-талқан етті. Қайғыдан қан жұтқан отбасы көмекке мұқтаж. Тілегі-мұндай қасірет басқа ешкімнің басына түспесе екен.

    "Қирандылар арасынан орамалы табылды": Ақтөбеде газ жарылып, 58 жастағы әйел көз жұмды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.