Ақтөбеде дауыл салдарынан ағаштар құлап, шатырлар бүлінді (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ақтөбеде дауыл салдарынан ағаштар құлап, шатырлар бүлініп, кейбір үйлер жарықсыз қалды. Куәгерлер қолайсыз ауа райының салдарын видеоға түсіріп алған. Әкімдік жұмыс бригадалары дауыл салдарын жоюға жедел түрде кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Куәгерлер жариялаған видеолардан қатты желдің ағаштарды тамырымен жұлып әкеткенін, бұтақтардың үй шатырлары мен көліктердің үстіне құлағанын, тіпті бір көшеде бетон бағана құлап жатқанын байқауға болады.
Сондай-ақ тұрғындар дауылға шыдас бермеген алып сәндік құмыраның көше бойымен домалап бара жатқанын видеоға түсіріп алған.
Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, күннің күрт бұзылуына, дауыл мен жауын-шашынға байланысты Ақтөбе қаласы бойынша коммуналдық қызмет бригадалары күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.
Жұмыс бригадалары дауыл салдарын жоюға жедел түрде кірісті.
"Ақтөбе қаласы көшелерінде қазіргі уақытта дауыл салдарынан құлаған ағаштарды жинауға 10 мердігер ұйымның жұмыс бригадалары техникаларымен бірге тартылды. Олар Астана ауданы бойынша 9 учаскеде, Алматы ауданы бойынша 7 учаскеде жұмыс жүргізіп жатыр. Ал көп қабатты үйлердің аула аумақтарында құлаған ағаштарды шығару жұмысын КСК, ОСИ төрағалары өз бетімен ұйымдастыруда", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар дауыл салдарынан көп қабатты екі үйдің және бес жеке тұрғын үйдің шатырлары бүлінгені анықталған.
"Энергосистема" ЖШС да күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жедел штаб құрылып, жағдай тұрақты бақылауға алынды. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының бес ауданында, Құрайлы және Пригородный тұрғын алаптарында электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және туындаған ақауларды жедел жою мақсатында кәсіпорынның қосымша күштері жұмылдырылған.
Қазіргі таңда 10 авариялық бригада мен арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Әкімдік өкілдері қажет болған жағдайда қосымша бригадалар мен техникалар тартылатынын айтты.
"Кәсіпорын мамандары электр энергиясын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2391195-aqtobede-dauyl-saldarynan-agashtar-qulap-shatyrlar-bulindi-video/