Ақтөбедегі жойқын дауыл ағаштарды құлатып, көліктерді аударды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде дүлей дауылдың кесірінен бірнеше ықшам аудан жарықсыз қалды. Айналдырған жарты сағат ішінде шаһардың астан-кестеңін шығарған табиғат құбылысы ағаштарды тамырымен қопарып, тұрғын үйлер мен көліктерге зақым келтірді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қазір коммуналдық мекеме жұмысшылары бүлінген аумақтарды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Күні кеше қою қара бұлт торлап, артынша Ақтөбені дүлей дауыл жайпап өтті. Синоптиктердің айтуынша, өңірдегі қолайсыз ауа райына оңтүстіктен келген циклон себеп болған. Желдің екпіні секундына 30 метрден асып, тұрғын үйлердің шатырларын ұшырған. Көшедегі шағын сәулеттік мүсіндер құлап, ондаған ағаш тамырымен қопарылған. Кей жерлерде ағаштар көліктердің үстіне құлап, материалдық шығын келтірді.
"Кесілген талдарды полигонға шығарып жатыр. Сонымен қатар ауданымыздағы санитар талапқа жауапты 9 мердігер мекеме барлық аудан бойынша ұшқан қоқысты, басқа сынған бұталарды жинап шығаруда. Жұмыс күні-түні жүргізіліп жатыр", - дейді "Астана" ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Мирас Әжібаев.
Қазір мердігер мекемелердің жұмысшылары құлаған ағаштарды жинап жатыр. Алдымен көлік қозғалысына кедергі келтірген ағаштар мен жол бойына шашылған заттар тазартылған. Сонымен қатар тұрғын үй кооперативтері мен басқарушы компаниялардың қарауына кірмейтін көпқабатты үйлердің аулаларындағы ағаштарды алып кетуді әкімдік өз мойнына алған. Дауыл салдарынан бірнеше ықшам аудан бір тәулікке жуық жарықсыз қалды. "Энергосистема" серіктестігінің он бригадасы түні бойы күшейтілген режимде жұмыс істеген. Мамандар үзілген сымдарды қалпына келтіру жұмыстарын әлі де жалғастырып жатыр.
"Апаттан электр желілеріне зақым келді. "Энергосистема" ЖШС мамандары, бригадалар күшейтілген режимде жұмыс жасап, қалпына келтіріп жатыр. Заречный елдімекенінде және Жилгородок, Шанхай аудандарындағы кейбір мекенжайға электр қуаты әлі берілмей жатыр. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Қаланың бірнеше бөлігінде жұмыртқадай бұршақ жауып, тұрғындарды әбігерге салды", - дейді "Энергосистема"ЖШС менеджері Лариса Жақсылықова.
Синоптиктердің мәліметінше, өңірдегі ауа райына әсер еткен оңтүстік циклонның ықпалы әлі де сақталады. Алдағы екі-үш күнде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Ал аптаның екінші жартысынан бастап ауа температурасы күрт көтеріліп, аптап ыстық орнайды деп күтілуде.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2391690-aqtobede-dauyldyng-kesirinen-birneshe-yqsham-audan-zharyqsyz-qaldy/