Ақтөбе облысында мұнара құлап, дүкенге құлады: зардап шеккендер бар
Жарияланған күні:
Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында қатты екпінді желдің салдарынан темір байланыс мұнара жеке орналасқан бірқабатты дүкен ғимаратының үстіне құлады. Оқиға салдарынан үш адам зардап шекті, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Зардап шеккендерге аудандық аурухана дәрігерлері қажетті медициналық көмек көрсетті.
Әкімдіктің хабарлауынша, Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел түрде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ қатты екпінді желдің салдарынан бірнеше нысан зақымданған.
"Өңір басшысы Асхат Шахаровтың тапсырмасы бойынша қажетті іс-шараларды үйлестіру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтың жетекшілігімен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия құрылды.
Қазіргі уақытта нысандарға келтірілген залалды бағалау жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығында электр энергиясы мен ұялы байланыс қызметін қалпына келтіру үшін авариялық бригадалар жұмыс істеуде.
Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданады.
Барлық тиісті қызметтер күшейтілген режімге көшті. Жергілікті атқарушы орган оқиғаның салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсету бойынша қажетті шараларды қабылдайды.
Тұрғындардан сабыр сақтауды, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді және жүргізіліп жатқан авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына түсіністікпен қарауды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2397907-aqtobe-oblysynda-munara-qulap-dukenge-qulady-zardap-shekkender-bar/