Үш адам қаза тауып, алтауы жарақат алды: Жетісу облысында тасжолда жол апаты болды (видео)
Жарияланған күні:

Жетісу облысы Алакөл ауданында, Алматы-Өскемен автожолының 474-шақырымында үш автокөлік жол апатына түсті. Салдарынан үш адам оқиға орнында қаза тауып, тағы алты адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тараған. Бейнежазбадан тасжолдың жиегінде тұрған қираған кроссоверді және трагедия орнында жұмыс істеп жатқан полиция қызметкерлерін көруге болады.
Жетісу облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдіріп, адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Kia Sportage автокөлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Toyota Highlander автокөлігімен соқтығысқан. Осыдан кейін сол бағытта келе жатқан Lexus GS300 автокөлігімен де соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан Kia Sportage автокөлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Тағы алты адам медициналық мекемелерге жеткізілді.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда", - делінген хабарламада.
"Барлық жол қозғалысына қатысушыларды Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға, қауіпті маневрлер жасамауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырамыз. Есіңізде болсын: бірнеше секундтық тәуекел адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін сақтаңыз", – деп ескертті облыстық ПД жүргізушілерге.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2404760-ush-adam-qaza-tauyp-altauy-zharaqat-aldy-zhetisu-oblysynda-taszholda-zhol-apaty-boldy-video/
