Петропавлда мектепте жөндеу жүргізіп жатқан екі қызметкер әйел ауыр жарақат алды
Жарияланған күні:

Петропавлда мектепте жөндеу жұмысы кезінде екі техникалық қызметкер биіктен құлап, ауыр жарақат алды. Олар спорт залының қабырғасын сырлап жатқан. Қазір болған жазатайым оқиғаға қатысты тексеру жүргізілуде. Дәрігерлердің айтуынша, 57 және 54 жастағы зардап шеккен әйелдердің жағдайы орташа ауыр, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
"Зардап шеккендердің бірінің оң жақ аяғының асықты жілігі мен шыбық сүйегі сынған. Ал екінші әйелдің кеуде және бел омыртқасы сынған. Қазір екі науқасқа да ауруханада медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - дейді қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері Жанна Маутова.
Оқиға Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында болған. Сол күні білім ордасының спорт залында косметикалық жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Екі метрге жуық биіктіктегі қабырғаны сырлау техникалық қызметкерлерге тапсырылған.
Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, әйелдер арнайы кәсіби құрылыс сатыларында жұмыс істеген және сатылар талапқа сай орнатылыпты. Алайда қандай жағдайда биіктен құлағаны әзірге белгісіз. Оқиғаның мән-жайын бірден бірнеше комиссия анықтап жатыр.
Тексеруге білім басқармасы, мемлекеттік еңбек инспекторы және полиция кіріскен. Құқық қорғау органдары еңбекті қорғау талабын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Мектеп басшылығының айтуынша, техникалық қызметкерлер бұл жұмысқа өз еркімен барған. Қабырғаны сырлағаны үшін басшылық олардың жұмыс күнін қысқартып немесе еңбек демалысына жеті күн қосып беруге алдын ала келіскен.
"Сол жерде бірден медициналық жедел жәрдем шақырылып, алғашқы көмек көрсетілді. Мектеп тарапынан олардың туыстарымен байланыстамыз. Қажет барлық жағдайды жасауға дайынбыз", - дейді Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясының директоры Жадыра Зұлқарнаева.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2406356-petropavlda-mektepte-zhondeu-zhurgizip-zhatqan-eki-qyzmetker-aiel-auyr-zharaqat-aldy/
