Алматыда құтқарушылар тауда үстіне тас құлап ауыр жарақат алған туристі эвакуациялады
Жарияланған күні:

Алматы облысының аумағындағы тауда үстіне тас құлап, зардап шеккен туристі құтқарушылар сәтті эвакуациялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ТЖМ-ға сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, биіктігі 2 970 метр болатын Сол Талғар шатқалында Алматы қаласы әкімдігінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының және "Барыс" Республикалық құтқару қызметінің құтқарушылары жорық кезінде үстіне тас құлап, зардап шеккен туристі күрделі жағдайда эвакуациялады.
Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына екі бақылау-құтқару бекетінің құтқарушылары шұғыл аттанған.
"Олар зардап шегушіні анықтап, алғашқы медициналық көмек көрсетті және оның жағдайын ауыр деп бағалады", - делінген хабарламада.
Құтқарушылар зардап шегушіні күрделі таулы жер бедері арқылы Кіші Талғар асуына қарай тасымалдауды бастады. Жолда оларға Алматы қаласы альпинизм федерациясының еріктілері қосылды. Бірлескен күш-жігердің арқасында эвакуация жұмыстары "Шымбұлақ" тау курортына дейін жалғасты.
Одан әрі зардап шегуші қалалық клиникалық ауруханаға жатқызу үшін Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2408615-almatylyq-qutqarushylar-tauda-ustine-tas-qulap-auyr-zharaqat-algan-turisti-evakuatsiialady/
