Қарағанды облысындағы дала өрті: зардап шеккендер бар
Жарияланған күні:

Қарағанды облысында бірнеше ауданда дала өрті сөндіріліп жатыр. Өрттен екі адам зардап шеккен. Ахуал тұрақты бақылауда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңес барысында ТЖД бастығы мен аудан әкімдерінің жағдайға қатысты баяндамаларын тыңдады.
"Дала өрттері Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында тіркелді. Өрт ошақтарын оқшаулап, толық сөндіру, сондай-ақ елді мекендерді қорғау үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оқиға орнына 620 адамнан тұратын жеке құрам және 134 техника бірлігі жіберілді. Жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде", - деді ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.
Оның айтуынша, өртті сөндіру жұмыстарын қатты жел қиындатып отыр.
Қарқаралы ауданында 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам медициналық көмекке жүгінген. Бірінің денесінің 10 пайызын, екіншісінің 20 пайызын күйік шалған. Қазіргі таңда екеуі де ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусиннің айтуынша, Жаңатоған ауылы маңында өртке қарсы жұмыстарға екі топ тартылған. Барлығы 159 адам мен 52 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Бесоба ауылы маңындағы қыстаулардың жанында болған үш өрттің толық сөндірілгенін хабарлады.
Ақтоғай және Шет аудандарындағы жағдай тұрақты, ахуал толық бақылауда. Ондағы табиғи өрт ошақтары сөндірілді.
"Күннің ыстығы мен қатты желге байланысты дала өрттерінің туындау қаупі әлі де сақталады. Сондықтан жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажет. Жергілікті әкімдіктер ТЖД-мен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс", - деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2413680-qaragandy-oblysyndagy-dala-orti-zardap-shekkender-bar/
