Астанада ойын алаңында баланы тоқ соқты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астанада бала тоққа түсті. Оқиға тұрғын үй ауласында болған. Оқиғаға қатысты қалалық әкімдік пен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Астанадағы аулалардың біріндегі ойын алаңында болған оқиғаның видеосын Telegram-дағы Halyqstan арнасы жариялады.
Видео сипаттамасында бес жасар баланың ойын алаңында тоқ соғып, жансақтау бөліміне түскені хабарланған. Үй тұрғындарының айтуынша, олар құрылысшыларға қауіпті сым туралы бірнеше рет ескерткен. Алайда құрылыс компаниясы кабельді жай ғана топырақпен көміп қойған көрінеді.
"Қайғылы оқиға болар алдындағы түнде сым ұшқындаған, бірақ бұған жауапты тұлғалардың ешқайсысы назар аудармаған сияқты. Жексенбі күні түсте сол жерде ойнап жүрген бала тоққа түсіп, денесін күйік шалған. Ол ауруханаға жеткізілген.
Баланың ата-анасы кабель кезекті құрылыс алаңына тартылғанын айтады. Оның бірнеше тармағы бар, ал соның бірі тура балалар ойын алаңы арқылы өткен. Оның үстіне бір жерінде сым ашық жатқан", - делінген хабарламада.
Астана әкімдігі NUR.KZ тілшісіне хабарлағандай, жергілікті атқарушы орган тұрғындардың шағымы бойынша аталған кабельді дұрыс көму және төсеу мәселесіне қатысты құрылыс ұйымына бірнеше рет ескерту жасаған.
"Осы жылдың шілде айының соңында құрылыс ұйымы өкілдерінің қатысуымен аумақты аралау жүргізілді. Оның барысында компания өкілдеріне аталған кабельге байланысты анықталған бұзушылықты жою қажеттігі қайта ескертілді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты басқа да ескертулер айтылды", - деп нақтылады ведомство.
Бұл оқиға бойынша уәкілетті органдар қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта кабель қуат көзінен ажыратылған және айналадағыларға ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ.
Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы NUR.KZ тілшісіне зардап шеккен баланың жансақтау бөлімінде жатқанын мәлім етті.
"Жағдайы ауыр, тұрақты деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта қажетті қарқынды терапия жүргізіліп жатыр, пациентке медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде", - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2413808-astanada-oiyn-alangynda-balany-toq-soqty/
