Ресейде құрылыс алаңындағы өрттен Қазақстан азаматы көз жұмды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Өткен аптада Омбы қаласында ірі өрт тіркелді. Төтенше жағдай салдарынан екі адам көз жұмды. Олардың бірі Қазақстан азаматы болып шықты. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады.
РБК Омбы облысы ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, 15 тамызда Омбыдағы Шаронов көшесінде салынып жатқан көпқабатты ғимаратта өрт шыққан. Өрт бірінші қабаттағы құрылыс материалдарының жануынан басталған. Кейіннен жалын жоғарғы қабаттарды шарпыды.
ТАСС сол кезде оқиға салдарынан сегіз адам зардап шеккенін жазды. Олар денелерінің 20-дан 90 пайызына дейін күйік шалып, ауыр халде жансақтау бөліміне түскен.
Бүгін агенттік өрттің екі адамның өмірін қиғанын хабарлады. Олардың бірі – 2002 жылы туған Қазақстан азаматы. Денесінің 70 пайызын күйік шалған ол ауруханада жатқан еді.
NUR.KZ тілшісі Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, мән-жайды сұрады. Министрлік өкілдері 18 тамызда Омбы қаласында болған өрт салдарынан отандасымыздың қайтыс болғанын растады.
"Қазақстанның Омбыдағы бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Оның ішінде құжаттарды ресімдеу және азаматтың қаза болу мән-жайына қатысты ресейлік құзырлы органдармен өзара іс-қимыл жасау бойынша көмек көрсетілуде", - деп түсінік берді СІМ баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдері марқұмның отбасымен байланыста екенін және өз құзыретінің аясында қажетті көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2414960-reseide-qurylys-alangyndagy-ortten-qazaqstan-azamaty-koz-zhumdy/
