Алматыдағы Студенттер сарайының шатыры опырылды: ҚазҰУ мәлімдеме жасады (фото)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Желіде Алматыдағы Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы ғимаратының шатыры опырылғаны туралы ақпарат пен фотолар тарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұны реконструкциялау жұмыстарымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алматы тұрғындары желіге өткен түні мегаполистегі Студенттер сарайы ғимаратының шатыры опырылғаны туралы фотоларды сала бастады.
"ҚазҰУ-да не болды? Студенттер сарайы неге екені белгісіз қирап қалды. Маңайы шаң-тозаң", - деп жазды ewakaral есімді Threads қолданушысы
"Қатты гүріл мен шаң, Студенттер сарайы құлады ма?" - деп жазады cutiesmoker.
Посмотреть в Threads
ЖОО-ның реконструкция туралы мәлімдемесі
Ал бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады. Онда Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталғаны айтылған.
"Бұл нысан ұзаққа созылған құрылыс қатарына жатады, ал құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі шаруашылық тәсілмен атқарылды.
Шамамен 30 жылға жуық уақыт бойы қолданыста болған ғимаратқа күрделі жөндеу де, реконструкция да жүргізілмеген. Бұл өз кезегінде құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелердің табиғи әрі айқын тозуына әкеп соқтырды", - дейді университет өкілдері.
Университет пайдаланушы ұйым ретінде ғимараттың техникалық жай-күйін барлық кезең бойы бақылауда ұстап, оның конструктивтік элементтерінің нашарлай бастағанын тіркеп отырған. Осыған байланысты тіреуіш және қоршау конструкцияларына кешенді техникалық зерттеу жүргізу қажеттігі туындады.
Сараптама нәтижелері
2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жай-күйіне сараптамалық тексеру жасады.
ЖОО өкілдері ақаулар мен зақымдарды тізіп шықты:
- Темірбетон ригельдерінің бір бөлігінің жоқтығы және конструкциялардың ашық қалған учаскелерінің болуы;
- Жертөле қабатында темірбетон қабырғалардың болмауы;
- Түйіскен жерлеріндегі бағандардың коррозияға ұшырауы және ішінара бұзылуы;
- Құрама темірбетон бағандардың түйіскен жерлерінде қисаюы;
- Бірінші қабаттан шығатын тұстарда екінші қабатта темірбетон бағандардың болмауы;
- Ригельдердің бағандармен жалғанатын түйіндерінің бұзылуы, соның салдарынан ригельдер бір-бірімен тірек элементтерінсіз жалғанған;
- Ғимараттың бірінші қабатының оңтүстік және солтүстік бөліктерінде темірбетон ригельдерінің иіліп қалуы;
- Кеңістігі топырақпен толтырылған жертөле бөлмесінде темірбетон қабырғалардың болмауы;
- Қасбеттің (фасадтың) жылу оқшаулау қабатының толық бұзылуы және "суық көпірлерінің" пайда болуы, бұл ғимараттың жылу сақтау қасиетінің жоғалуына әкеп соқтырды;
- Шатырдың металл конструкцияларының, соның ішінде ғимараттың қасбет бөлігі астындағы элементтердің коррозияға ұшырауы және жергілікті деформациялар.
Университет мәліметінше, жоғарыдағы деректер Студенттер сарайының басынан құрылыс нормалары мен ережелері талаптарын өрескел бұза отырып пайдалануға берілгенін көрсетіп отыр.
"Ең бастысы, ішкі әрлеу жұмыстарын бөлшектемейінше, мұндай күрделі ақауларды көзбен көріп анықтау мүмкін емес", - дейді олар.
Қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес, ғимараттарға жөндеу әр 3-5 жыл сайын, ал күрделі жөндеу 20-25 жылда кемінде бір рет жүргізілуге тиіс.
Жер сілкінісінің әсері
Бұдан бөлек 2024 жылдың қаңтарында Алматы мен оған іргелес аймақта әртүрлі қарқындылықтағы бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Сейсмикалық белсенділік ұзақ уақыт бойы пайдаланылған және зақымдары анықталған ғимараттардың конструкцияларына қосымша әсер етуі мүмкін. Бұл жағдай Студенттер сарайының сейсмикалық төзімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді реконструкция жүргізу қажеттілігін одан әрі күшейте түседі. Университет Студенттер сарайының тарихи-мәдени құндылығын, оның қоғамдық орталық және мәдени-көпшілік шараларды өткізетін алаң ретіндегі маңыздылығын терең түсіне отырып, бұл нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Реконструкция барысындағы басты басымдық ретінде ғимараттың конструктиивтік сенімділігін, сондай-ақ студенттер, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етілуі белгіленді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады және тиісті зерттеу нәтижелері мен алдағы шешімдер туралы ақпарат беріп отыратын болды.
NUR.KZ тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне де сауал жолдады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2432478-almatydagy-studentter-saraiynyng-shatyry-opyryldy-qazuu-malimdeme-zhasady-foto/
