Жүздеген құтқарушы, авиация және сүңгуірлер: Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русском
Каспий теңізінде іздестіру операциясы жалғасып жатыр. Екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстарына жүздеген құтқарушы, авиация және сүңгуірлер жұмылдырылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған үкіметтік комиссияның тапсырмасы бойынша Каспий теңізінің акваториясында тәулік бойы үздіксіз іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп жатыр.
"Іздестіру-құтқару жұмыстарына оқиға орнында тікелей басшылықты қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асыруда. Құрылған жедел штабтың құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді", - делінген хабарламада.
Ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылған. Ведомстволардың күштері мен құралдары су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақылап, тексеруде.
Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында тергеу іс-шараларын жүргізуде.
Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, жел екпінінің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кеткен болатын.
Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде үш әскери қызметші құтқарылды. Өкінішке қарай, 12 әскери қызметші қаза тапты.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2433169-zhuzdegen-qutqarushy-aviatsiia-zhane-sungguirler-kaspiide-eki-askeri-qyzmetshini-izdeu-zhalgasyp-zhatyr/
