Шымкентте бес адам газға уланды: екі бала жұмды
Жарияланған күні:

Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде газға уланып, бес адам зардап шекті. Өкінішке қарай, қайғылы оқиға салдарынан 15 жастағы қыз бен 4 жастағы бала көз жұмды. Қазір аталған үй газдан толық ажыратылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Трагедия Күншығыс шағынауданындағы пәтерлердің бірінде болған. Баспананы екі келіншек балаларымен бірге жалдап тұрған. Газға уланған әйелдердің бірі есін жиып, шұғыл түрде көмек шақырған. Алайда тілсіз жаудың салдарынан бірі 15 жастағы қызынан, екіншісі төрт жастағы ұлынан айырылып қалды.
"Газ колонкасынан угар газы шыққан. Содан қызымыз қайтыс болып отыр ғой. Сіңілімнің баласы оның құшағында, көрпенің астында ұйықтап жатқан бетінде көз жұмды", – деді марқұмның туысы Дильбар Сайдхожаева.
Ал екінші келіншек үш жастағы қызымен бірге ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, бүлдіршіннің жағдайы әлі де ауыр. Ақ халаттылар науқастардың өмірі үшін күресіп жатыр. Ең ауыры — ем-дом қабылдап жатқан ана ұлынан айырылғанын білмейді.
"Дәрігерлердің шұғыл көмек көрсетуінің арқасында 1999 жылғы науқастың жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылды. Ал 2023 жылғы баланың жағдайы біршама жақсарғанымен, емін әлі де жансақтау бөлімінде жалғастыруда", – деді Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.
Үй тұрғындарының айтуынша, бұған пәтердегі газ құрылғысының дұрыс орнатылмауы себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар баспана иесі жалға берілген үйдегі жабдықтардың жай-күйін мүлде қадағаламаған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2445434-shymkentte-bes-adam-gazga-ulandy-eki-bala-zhumdy/