Абай облысында балаларды қақты деген жүргізушіге диагнозына байланысты куәлік берілмеуі керек болатын
Опубликовано:
Читать на русском
Абай облысындағы Бестерек ауылында үш бала қаза тапқан жол апатынан кейін сот жүргізушіні куәлігінен айырды. Оның медициналық есепте тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды "Жетінші арнаға" сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жүргізуші 2013 жылдан бері "эпилепсия" диагнозымен есепте тұрғаны анықталды.Ол мұндай дертпен куәлікті қалай алғаны әлі анықталып жатыр.
"Үржар аудандық сотына Серік Аңсабаевқа қатысты эпилепсиямен ауыратынына байланысты Абай облыстық полиция департаментінен талап арыз түсті. Үржар аудандық соты бұл істі заң аясында қарап, оның жүргізуші куәлігінен айырды", - деді Үржар аудандық сотының төрағасы Шынар Оспанова.
Еске сала кетейік, 19 шілдеде Абай облысында жол-көлік оқиғасынан үш бала көз жұмып, тағы үшеуі түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Сол күні түнде президенттің тапсырмасы бойынша оқиға орнына бортында дәрігерлер бар Қорғаныс министрлігінің ұшағы жіберілді.
Полицияның мәліметінше, алдын ала деректерге сәйкес, оқыс оқиға 19 тамызда сағат 16:00 шамасында Абай облысының Үржар ауданы Бестерек ауылында болған. Toyota автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қаққан.
Кейінірек Денсаулық сақтау министрлігі жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, зардап шеккен балалардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Балаларға бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккендер – екі отбасының балалары. Көз жұмған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды.
20 тамызда жол апатынан зардап шеккен екі бала Астанаға арнайы санитарлық авиация бортымен жеткізілді.
Ал қаза болған үш бала жақында жер қойнына тапсырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз