Ақтөбе облысында 4 адам қаза тапқан жол апаты: жүргізуші ақталып шықты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ақтөбеде жол апаты салдарынан қаза тапқан 4 адамның өлімі бойынша айыпталған жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты іс қаралды. Ол алқабилер сотының шешімімен ақталып шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақтөбе облысы соттарының Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда төрт адамның өліміне әкеп соқты деген айыппен сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралған (ҚК-нің 345-бабының 4 бөлігі).
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы сотталушыға "Самара – Шымкент" автожолының 921-шақырымында жүк автокөлігін басқара отырып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, жеңіл автокөлікпен соқтығысқан деген айып таққан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөліктегі төрт жолаушы қаза тауып, жүргізуші орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған.
"Қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес, алқабилер соты бір судьядан және он алқаби мүшелерінен тұрады. Әрқайсысының бір дауысы бар. Алқабилердің үкімі дауыс берушілердің көпшілік даусымен қабылданады.
Алқабилердің көпшілік даусымен шығарылған үкімге сәйкес, сотталушы оның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты кінәсіз деп танылып, ақталды", - делінген хабарламада.
Тергеп-тексеру барысында жіберілген заң бұзушылық фактілері бойынша жеке қаулы шығарылған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2354767-aqtobe-oblysynda-tort-adam-qaza-bolgan-zhol-apaty-zhurgizushi-kinasiz-dep-tanyldy/