Полициядан қашып, жол апатына ұшыраған: СІМ Таиландта қазақстандық әйел ұсталғанын растады
Жарияланған күні:
Читать на русском
The Phuket News басылымы Пхукетте қазақстандық әйел ұсталғанын хабарлады. Жарияланған ақпаратқа сәйкес, ол полициядан қашып, жол-көлік оқиғасына ұшыраған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Басылымның мәліметінше, оқиға 20 маусымда болған. Көлік тізгіндеген әйел аралдағы негізгі жолдардың бірінің қақ ортасына тоқтап, қозғалысқа кедергі келтірген. Куәгерлер жүргізушінің оғаш мінез-құлқы туралы хабарлаған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келген, бірақ әйел олардың талаптарын орындаудан бас тартып, қашып кетуге тырысқан, осыдан кейін полицейлер оны қуа жөнелген.
Қуғын кезінде әйел тізгіндеген MG маркалы көлігі жолда бірнеше рет қауіпті жағдай тудырған. Ақырында көлік микроавтобуспен және мотоциклмен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам зардап шеккен. Әйел ұсталып, факт бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен қатар басылым әйелдің бұған дейін де осыған ұқсас оқиғаларға тап болғанын және қиын эмоционалдық күйде болуы мүмкін екенін жазады.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан кадрлар жарияланды.
NUR.KZ тілшісі бұл ақпаратқа қатысты пікір алу үшін ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді. СІМ өкілдері Қазақстан азаматының ұсталғанын растады.
"ҚР Сыртқы істер министрлігі Таиландта Қазақстан азаматының ұсталғанынан хабардар. Дипломаттар сол елдің құзырлы органдарымен байланыста және қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр", - деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметінен.
Ведомство Таиландтың құқық қорғау органдарымен бірлесіп оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын мәлім етті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2391456-politsiiadan-qashyp-zhol-apatyna-ushyragan-sim-tailandta-qazaqstandyq-aiel-ustalganyn-rastady/