Түркияда жол апатынан 18 жастағы қазақстандық қыз қаза тапты: СІМ қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
NUR.KZ редакциясына Түркияда жол апатынан қайтыс болған 18 жастағы Қазақстан азаматының жақындары хабарласты. ҚР Сыртқы істер министрлігі қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Марқұмның туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға биыл 15 маусымда Түркияның Анталья қаласында болған.
2008 жылы туған қыз Түркияда өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген және қонақүйлердің бірінде аниматор болып жұмыс істеген.
Туыстарының хабарлауынша, қайғылы оқиға болған күні ол өзін жайсыз сезініп, іші ауырып тұрғанын айтып, танысынан ауруханаға апаруын өтінген. Алайда олар жолда апатқа ұшырап, салдарынан мотоцикл жүргізушісі көліктен ұшып кеткен, ал қазақстандық қыз ауыр жарақат алған.
Бойжеткен ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны құтқарып қала алмаған.
Марқұмның жақындары қайғылы оқиғаны тергеуге көмек көрсетуді сұрады.
ҚР Сыртқы істер министрлігі NUR.KZ тілшісіне бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 15 маусымда Антальяда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан Қазақстан азаматының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. ҚР-ның Антальядағы бас консулдығы құжаттарды рәсімдеу, түрік органдарымен өзара іс-қимыл жасау және мәйітті елге жеткізуді қоса алғанда, барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетті", - деп хабарлады ведомстводан.
Марқұмның денесі 17 маусымда Қазақстанға жеткізілген. Репатриация жұмыс беруші мен серіктес ұйымдардың көмегімен тегін ұйымдастырылған.
"Оқиға Қазақстан Республикасы бас консулдығының бақылауында. Қазақстандық дипломаттар бұл мәселе бойынша түркиялық құзыретті органдармен өзара іс-қимылды жалғастырады", - деп мәлімдеді министрліктен.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз