"Көлік жер үйдің қоршауына кіріп кеткен": Алматы облысында 40 жасқа толған келіншек туған күнінде аяғынан айырылды
Жарияланған күні:
Алматы облысында 24 жастағы бойжеткен тізгіндеген көлік жер үйдің қоршауын бұзып, аулада алаңсыз тойлатып отырғандарды қағып өтті. Соның салдарынан туған күн иесі аяғынан айырылды, тағы бір адамның қабырғалары сынған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Олардың жақындары рөлдегі қыздың мас болғанын айтады. Қазір күдікті қамауда. Жантүршігерлік оқиға екі күн бұрын болған. Туыстарының айтуынша, жүйткіген "Мерседес" қоршауды бұзып өткен. Сол сәтте мұндағы тұрғындар алаңсыз туған күн тойлап отырған. Қатты соққыдан сол күні 40 жасқа толған Сымбаттың аяғы үшке бөлінген. Дастарқан басындағы тағы бір адамның бірнеше қабырғасы сыныпты. Оқиғадан төрт жасар бүлдіршін де зардап шеккен. Ол бұл жағдайдан қатты шошып, сөйлемей қалды, дейді анасы.
"Сіңлімді қабырғаға лақтырған, аяғын езіп жіберген. Аяғын сақтап қалу мүмкін болмады. Бір сіңлім мына жаққа құлады. Ұшып кетті. Баламның психикасына зақым келді, үндемей қалды. Кішкентай төрт жасар болам. Қал-жағдайы өте нашар. Өте қатты травма, депрессияда. Екінші сіңлімнің алты қабырғасы сынған. Ол басқа ауруханада жатыр", - дейді Шолпан Қылышова.
"Мерседес" тізгінінде жас қыз болыпты. Жәбірленушілердің жақындары оның жүргізуші куәлігі болмағанын айтады. Тіпті рөлге масаң күйде отырған дейді. Қақпаны бұзып өткен көліктің салонында одан бөлек тағы екі адам болыпты. Ал туған күнінде өмір бойына мүгедек болып қалған Сымбат құрсақ көтеруге дайындалып жүрген.
"ЭКО жасатуға дайындалған, бір жыл. Міне-міне ЭКО жасаймыз деген кезде, осныдай жағдай болып тұр. Жасы 40-қа толды. Сол кезде адамдардың бәрі бала керек деген өкініште болды. Менің естуім бойынша, ол қыз ішіп алған, куәлігі жоқ. Жасы 24-те. Жүргізуші куәлігі жоқ, ішіп алған адам қалай көлік жүргізеді?! Міндетті түрде жазалау керек!", - дейді Ақерке Әбдірахманова.
Қазір науқасқа ота жасалған. Жағдайы қалыпты, дейді дәрігерлер. Бір аяғына ампутация жасалыпты. Алдағы уақытта протез салмақ.
"Науқас өте ауыр жағдайда жеткізілді. Жарақат сирақтың жоғарғы үштен бір бөлігіне дейін таралғандықтан, аяқты ампутациялау туралы шешім қабылданды. Қазір қажет ем-домын алып жатыр. Дәрігерлердің толық бақылауында. Сонымен қатар психологтар да көмек көрсетуде", - дейді Алматы қаласы №7 аурухананың бөлім меңгерушісі Рамазан Ахметұлы.
Жүргізуші қазір қамауда. Облыстық полиция департаменті бірден қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр.
"24 жастағы азаматша көлік тізгініне ие бола алмай, екі адамды қағып кеткен. Екеуі ауыр жарақат алып, қаланың ауруханасына жеткізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Қарасай ауданы полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр", - дейді Қарасай ауданы полиция басқармасының бастығы Нұсқабек Зауланбаев.
Зардап шеккендердің жақындары істің әділ жүргенін талап етіп отыр. Кінәлі тұлғалар ең ауыр жаза алса дейді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз