Ресейде жол апатынан Қазақстанның екі азаматы қаза тапты
Жарияланған күні:

Алтай Республикасы аумағында жол апаты салдарынан Қазақстанның екі азаматы мерт болып, тағы бір қазақстандық жарақат алған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған Kazinform хабарлайды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 27 шілдеде Алтай Республикасының Ұлаған ауданында болған.
"Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, Ақташ ауылының маңында Toyota Avensis маркалы автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, ішінде бес адам болған Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан.
Алған жарақаттардың салдарынан оқиға орнында Қазақстанның екі азаматы қайтыс болғанын қайғыра отырып хабарлаймыз. Тағы бір отандасымыз түрлі дәрежедегі жарақат алып, Горно-Алтайск қаласының Республикалық клиникалық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілді", - делінген хабарламада.
Министрлік қазақстандық дипломаттар жергілікті билік орындарымен, медициналық мекемемен және зардап шеккендердің туыстарымен жедел түрде байланысқа шыққанын мәлім етті.
Ведомство өкілдері қазіргі уақытта марқұмдардың жақындарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп, сондай-ақ олардың мәйітін елге тасымалдауды ұйымдастыруға жәрдем беріліп жатқанын айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2405141-reseide-zhol-apatynan-qazaqstannyng-eki-azamaty-qaza-tapty/
