jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    18+
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Жалғыз өзі тәрбиелеген: Оралда төрт баланың әкесі жантүршігерлік жол апатынан қаза тапты

    Роман Бондарь
    Роман Бондарь. Фото: Жақындарының жеке архиві / mgorod.kz

    Оралда жұбайы қайтыс болғаннан кейін төрт баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған әке жантүршігерлік жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды "Мой город" басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Қайғылы оқиға 27 шілдеде Деркөл кенті маңындағы айналма тас жолда болды. Үш көлік зақымданған жол апаты салдарынан Орал қаласының 47 жастағы тұрғыны Роман Бондарь қаза тапты. Бір жылға жетер-жетпес уақыт бұрын анасынан айырылған балалар енді әкесінен де көз жазып қалды.

    Полиция мәліметінше, Lada Granta көлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзып, қарсы бағытқа шығып кеткен және Volkswagen Golf көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Артынша Volkswagen көлігінің артқы бөлігіне сол бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы соғылған.

    Алған жарақаттарының салдарынан Volkswagen көлігінің 47 жастағы жүргізушісі Роман Бондарь оқиға орнында көз жұмды.

    "Балалар енді ғана ес жия бастаған еді"

    Марқұм төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келгені белгілі болды. Оның жұбайы Ольга былтыр қараша айында тамақ ішіп отырғанда тұншығып қалып, қаза тапқан. Ата-анасыз қалған қыздардың кенжесі небәрі тоғыз жаста. Роман әйелі қайтыс болғаннан кейін отбасын асырау үшін бірнеше жерде жұмыс істеген.

    Отбасының туысы Светлана Витенбек апат болған күні оған әлдебіреулер қоңырау шалып, қайғылы хабарды жеткізгенін айтты. Байланыс үзіле бергендіктен, ол Романның өзіне хабарласуға тырысқан, бірақ телефонды бейтаныс адам көтеріп, суыт хабарды жеткізген.

    "Роман Деркөлден қалаға келе жатқан. Ол түскі үзілісте үйіне келіп, қайта жұмысқа кетіп бара жатқан. Қарсы алдынан көлік шығып кетіп, бетпе-бет соқтығыс болды. Мен видеорегистратор жазбасын көрдім: екінші көліктің жүргізушісі тура Романға қарай айдаған.

    Жедел жәрдем фельдшерлері жарты сағаттай оның өмірі үшін күресті, жүрегі әлі соғып тұрған еді... Бірақ ол басынан қатты соққы алып, үлкен гематома пайда болған, сонымен қатар кеудесімен рульге қатты соғылған. Жүргізуші орындығы мүлдем қисайып кетіп, Роман артқы орындыққа ұшып кеткен. Қауіпсіздік жастығы ашылғанымен, бұл оны аман алып қала алмады. Енді төрт бала жетім қалды", - дейді Светлана Витенбек.

    Туыстары кінәлі адам жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді

    Марқұмның жақындары апатқа кінәлі деп болжанған Lada жүргізушісінің мас күйде болғанын білген. Олар әлгі адам жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдайды. Сараптама марқұм Романның мүлдем ішімдік ішпегенін растады.

    Светлананың айтуынша, жол апатына кінәлі адамның туыстары хабарласып, көңіл айтуға да тырыспаған. Алайда Романның отбасы кінәліні кешірмек емес және заң бойынша әділ жаза тағайындалуын талап етіп отыр.

    Қазір кенже қарындастарына қамқорлықты 22 жастағы үлкен қызы Злата өз мойнына алмақ - қыз қорғаншылықты рәсімдеуді бастап кетті. Айта кетейік, 9 жасар кенже қызы әлі күнге дейін анасынан кейін әкесінен де айырылғанын білмейді.

    Процессуалдық шешім шығарылады

    БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Lada жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    "Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізілуде, сот-медициналық сараптамалар кешені тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.

    Роман Бондарь 30 шілдеде жерленді.

    Жалғыз өзі тәрбиелеген: Оралда төрт баланың әкесі жантүршігерлік жол апатынан қаза тапты

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.