Астанада үш жасөспірім самокатпен автобусқа қарсы жүріп, жол апатына түсті
Жарияланған күні:

Астанада электросамокатпен жүрген үш жасөспірім автобуспен соқтығысып, бірі көлік астына түсіп қалды, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Оқиға Түркістан көшесіндегі аялдамалардың бірінде болған. Үш жасөспірім электросамокатпен автобус жолағына шығып, қарсы бағытта зулаған. Аялдамаға бұрылып бара жатқан автобусты көрсе де, жанынан өтіп кетеміз деп ойласа керек. Екеуі өтіп үлгерді, ал үшіншісі автобустың астына кіріп кеткен. Абырой болғанда, жеткіншек аман. Соқтығыс салдарынан самокат автобустың дөңгелегінің астында қалып, қоғамдық көліктің алдыңғы әйнегі сынған.
"Жол-көлік оқиғасынан кейін жасөспірім медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер тексеруінен кейін амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізілуде", - дейді Астана қалалық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы Аида Сатылғанова,.
Кенесары көшесінде де электросамокат жүргізушісі жол апатына түсті. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтауда. Жыл басынан бері елордада самокат тебушілердің жол апатына түсуі салдарынан 29 адам түрлі жарақат алған. Енді 25 тамыздан бастап электросамокат айдайтындарға қойылатын талап қатаңдайды.
"Электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Олар велосипед жолдарымен және веложолақтармен қозғалуға тиіс. Электросамокатты 18 жастан асқан, жүргізуші куәлігі бар, қорғаныш дулығасын киген азаматтар ғана қолдана алады. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті", - дейді қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Уваев.
Енді жалға берілетін әр самокаттың арнайы тіркеу нөмірі болады. Бұл ереже бұзғандарды бейнекамера арқылы бірден анықтауға мүмкіндік береді. Ал кикшеринг компаниялары техникалық қауіпсіздікті қадағалап, белгіленген аумақта жылдамдықты автоматты түрде шектеп отырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2413037-astanada-ush-zhasospirim-samokatpen-avtobusqa-qarsy-zhurip-zhol-apatyna-tusti/
