Полиция экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысы болуы мүмкін жол-көлік оқиғасы бойынша түсінік берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Жамбыл облысында 36 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кетті. Желіде көлікті экс-депутат Бақытжан Базарбек тізгіндеген болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Полиция бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Желіде Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында кеше кешке болған жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат тарады. 36 жастағы жаяу жүргіншіні автокөлік қаққан.
HALYQSTAN паблигіндегі жазбаға сәйкес, көлікті мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек тізгіндеген болуы мүмкін.
"Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға болар алдында тас жолда сиырды көлік қағып кеткен. Апаттан кейін бір топ адам малдың өлексесін жолдан алып тастауға тырысқан. Солардың бірі Rav-4 көлігінің астына түсіп қалды. Автокөлікті Бақытжан Базарбек жүргізіп келе жатқан делінеді. Ер адам жабық бас сүйек-ми жарақатын алған, миы шайқалған, жабық пневмоторакс, білегі және аяғы сынғаны анықталды. Ауруханаға түскен кезде ол бірінші дәрежелі травматикалық шокта болған", - делінген жазбада.
NUR.KZ тілшісі Жамбыл облыстық полиция департаментіне сауал жолдады.
Ведомство апат фактісін растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Алайда жүргізушінің аты-жөнін нақтылаған жоқ.
"Рысқұлов ауданындағы жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген Жамбыл облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция мәліметінше, автокөлік жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қаққан.
"Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota маркалы көліктің жүргізушісі Б. есімді азамат жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қақты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шегуші аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды", - делінген ведомство хабарламасында.
Тергеу амалдары жалғасуда.
"Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", - деп хабарлады Жамбыл облыстық полиция департаменті өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
