Абай облысында болған ірі жол апатынан соң ТЖД-де қызметтік тексеріс басталды
Жарияланған күні:

Абай облысында ірі жол апатынан қаза тапқан марқұмдардың денесі жер қойнына тапсырылды. "Газель" көлігін басып озып, қарсы бағытқа шыққан Chevrolet Nexia-ның ішінде құтқарушылар отырған. Енді олардың туыстары "бәрі басшылықтың орынсыз талабының кесірі" деп отыр, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Қайғылы жағдай Семей–Курчатов тас жолында болған. Құтқарушылар қарсы бағытқа шығып, алдында келе жатқан Kia Rio автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол апатынан екі жүргізуші мен екі жолаушы сол жерде тілге келместен көз жұмды.
Қазір әлеуметтік желіде жантүршігерлік жол апатына қатысты түрлі пікір айтылуда. Бірі отқа оранған көліктің ішінде ерлі-зайыпты отырғанын жазған. Тіпті олардың артында шырылдап бес баласы қалғанын да айтқан. Ал енді бірі құтқарушыларға жөн-жосықсыз талап қоюға басшылықтың құқығы жоқ депті. Осы оқиғадан соң төтенше жағдайлар департаментінде қызмет тексерісі басталған.
"Департамент қаза болған қызметкерлердің отбасыларына қажет көмек пен қолдау көрсетуде. Департамент тарапынан болған оқиға бойынша қызметтік тергеп-тексеру басталды. Оның қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың әрекетіне объективті баға беріледі", - делінген Абай облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2421078-abai-oblysynda-bolgan-iri-zhol-apatynan-song-tzhd-de-qyzmettik-tekseris-bastaldy/
